Ирандағы 20-дан астам денсаулық сақтау нысанына соққы жасалды
Ирандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы Израиль-АҚШ соғысы кезінде айтарлықтай зақымдалды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруханаларға, қызметкерлер мен емдеу процесіне әсер еткен бірнеше оқиғаны растады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы наурыз айының басынан бері АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары кезінде денсаулық сақтау қызметтеріне 20-дан астам соққы жасалғанын айтты.
ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус өзінің “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында 1 наурыздан бері Ирандағы медициналық мекемелерге жасалған 20-дан астам шабуылдың расталғанын хабарлады. Бұл шабуылдар салдарынан кем дегенде тоғыз адам қаза тапқан, олардың арасында жұқпалы аурулар маманы мен Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мүшесі де бар.
Гебрейесус соңғы күндері Тегерандағы Пастер институты, «Деларам Сина» психикалық денсаулық ауруханасы және «Тофиг Дару» дәрі-дәрмек зауытына бірнеше рет шабуыл жасалғанын атап өтті.
Иран үкіметінің мәліметінше, сейсенбі күнгі АҚШ-Израиль шабуылы елдегі анестезиялық және онкологиялық препараттар шығаратын ең ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі — «Тофиг Даруды» нысанаға алған. Тедрос сондай-ақ өткен жексенбіде «Деларам Сина» ауруханасының да ауыр зақымдалғанын айтты. Соғыстың алғашқы күндері Тегеранның солтүстік-батысындағы «Ганди» жекеменшік ауруханасының терезелері шағылса, апта басында ДДСҰ-ның Тегерандағы кеңсесі де зақымдалды.
Елді "Тас дәуіріне" қайтарумен қорқыту
АҚШ президенті Дональд Трамп халықаралық құқық бейбіт инфрақұрылымды нысанаға алуға тыйым салғанына қарамастан, Иранды «Тас дәуіріне қайта жіберемін» деп сес көрсетті.
Медициналық мекемелер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған және соғыс ережелері ретінде бекітілген Женева конвенцияларына сәйкес қорғалатын аймақтар болып табылады.
Иран Қызыл Жарты ай қоғамының соңғы деректері бойынша, соғыс салдарынан 307 денсаулық сақтау, медициналық және жедел жәрдем нысаны зардап шеккен.
Израиль 2023 жылдың қазан айынан басталған бомбалау кезінде Газадағы ауруханаларға да бірнеше рет шабуыл жасаған болатын, ол кезде билік бұл нысандарды «Хамас» содырлары пайдаланады деп ақталған еді. АҚШ пен Израиль Иранның ядролық қару жасауда қарқынды ілгерілеп жатқанын алға тартып, 28 ақпанда бұл елге шабуыл бастады. Тегеран бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді.