Мадридте испан өнерпаздары соғысты тоқтатып, Палестинаға азаттық беруді талап етті

Мадридте өткен Актерлер одағының 34-ші марапаттау рәсімінде негізгі сөз соғысқа қарсылық пен адам құқығының тапталуы төңірегінде өрбіді. Дүйсенбі күнгі жиында испан өнер майталмандары қақтығыстарды доғаруға шақырып, Палестина халқына қолдау білдірді.

By
Мадридте испан өнерпаздары соғысты тоқтатып, Палестинаға азаттық беруді талап етті / Reuters

“La Razon” басылымының хабарлауынша, салтанатты кеште айтылған ойлардың өзегі «Соғысқа жол жоқ» және «Адам құқығын қорғау» ұрандары болды.

Өнерпаздар соңғы «Оскар» сыйлығын тапсыру рәсімінде тек Хавьер Бардемнің ғана Палестинаны қолдап сөйлегенін айтып, өзге әріптестерінің үнсіз қалғанын «ұят жағдай» деп атады. Жиналғандардың омырауындағы «Өнер иелері Палестинаны қолдайды» және «Соғысқа жол жоқ» деген жазуы бар белгішелер бірден көзге түсті.

Бұл үндеулер Израиль мен АҚШ-тың 28 ақпаннан бері Иранға жасаған бірлескен шабуылдары өршіп тұрған тұста айтылды. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл соққылардан 1300-дей адам қаза тапқан, олардың арасында елдің жоғарғы көсемі Әли Хаменеи де бар.

Иран бұған жауап ретінде Израильге, Иорданияға, Иракқа және АҚШ әскери базалары орналасқан Парсы шығанағы елдеріне дрон мен зымырандармен соққы берді. Бұл қақтығыстар адам шығыны мен инфрақұрылымның бұзылуына әкеліп қана қоймай, әлемдік нарық пен авиация саласына да кері әсерін тигізді.

Сонымен қатар ақпанның соңынан бері басып алынған Батыс Шерия аймағында да зорлық-зомбылық күшейіп кетті. Отарлауға тойтарыс комиссиясының мәліметінше, Ирандағы соғыстың алғашқы екі аптасында израильдік қоныстанушылар 192 рет шабуыл жасап, салдарынан алты палестиналық қаза тапқан.