АҚШ Оңтүстік Кореямен сауда келісімін жасасты

«Мен Америка Құрама Штаттарының Корея Республикасымен толық және жан-жақты сауда келісіміне келгенін хабарлаймын», - деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, бұл келісім Оңтүстік Кореяның 350 миллиард доллар көлемінде инвестиция салу міндеттемесін қамтиды, бұл инвестициялар «АҚШ-тың меншігінде және бақылауында болады. «Және оны мен  Президент ретінде таңдаймын» деді Трамп.

Трамп сондай-ақ Оңтүстік Корея 100 миллиард доллар көлемінде сұйытылған табиғи газ (LNG) және басқа да энергия өнімдерін сатып алатынын айтты.

«Оңтүстік Корея өздерінің инвестициялық мақсаттары үшін үлкен көлемде қаражат салуға келісті», – деді ол.

Трамп Оңтүстік Кореяның келісім аясында АҚШ-тың тауарларына, соның ішінде көліктерге, жүк көліктеріне және ауыл шаруашылығы өнімдеріне нарығын толық ашатынын мәлімдеді.

Өз кезегінде  Оңтүстік Кореяның АҚШ-қа экспортталатын тауарларына 15% тариф енгізілсе, АҚШ-тың тауарлары Оңтүстік Кореяға тарифсіз кіретін болады.

Аптаның басында Трамп өзінің әкімшілігі Пәкістанмен де сауда келісіміне қол жеткізгенін және басқа елдермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, бұл келісімдер тамыздың 1-іне дейін аяқталатынын мәлімдеген болатын.