Германия Түркияның ЕО құрамында болуын қалайды
Мерц Түркияның "Eurofighter Typhoon" ұшақтарын сатып алу туралы шешіміне қанағаттанғанын білдіріп, Газа аймағында бейбітшілік орнатуға ықпал еткені үшін Ердоғанға алғысын айтты.
Германия канцлері Фридрих Мерц Берлиннің Түркияны Еуропалық Одақ құрамында көргісі келетінін айтып, Түркияның сыртқы саясаттағы рөлін атап өтті.
Мерц Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездескенін және бұл мәселе бойынша Еуропа деңгейінде стратегиялық диалог бастауға ұмтылатынын айтты. Сонымен қатар олар Копенгаген критерийлерін талқылағанын жеткізді.
Президент Ердоған өз кезегінде егер Түркия Копенгаген критерийлерімен бағаланса, Анкараның Еуропа және әлеммен қарым-қатынасын анықтайтын өз «Анкара критерийлері» бар екенін мәлімдеді.
Түркияға канцлер ретінде алғаш рет сапармен келген Мерц «Біз бұл талқылауларды жалғастырғымыз келеді», – деді.
Ол әлем «жаңа геосаяси кезеңге» аяқ басқанын атап өтіп, «Негізгі державалар жаһандық саясатты қалыптастыратын кезеңде, біз, немістер мен еуропалықтар, стратегиялық серіктестіктерді тереңдетуіміз керек, ал Түркия бұл процестен тыс қалмауы тиіс», – деді.
«Түркия – бізді алаңдататын барлық сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелерінде өте маңызды ойыншы», – деп қосты ол.
Ол Германияның Түркиямен қауіпсіздік саясаты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын айтты.
Газа аймағындағы бейбітшілік
Кездесуде Газа аймағындағы жағдай да талқыланғанын атап өткен Мерц «Тұтқындарды босату және атысты тоқтату бойынша ілгерілеу өте оң нәтиже. Тұрақты бейбітшілікке үміт пайда болды», – деді.
Газа аймағындағы бейбітшілікке ықпал еткені үшін Ердоғанға алғыс білдірген ол «Бұл процесс Түркия, Катар, Мысыр және АҚШ-тың қатысуынсыз мүмкін болмас еді. Сіздерге алғысымыз шексіз», – деді.
Мерц Германияның бейбітшілікті сақтау үшін бар күшін салатынын атап өтіп, Германия офицерлерінің алғаш рет Израильдің оңтүстігіндегі азаматтық-әскери орталыққа орналастырылғанын білдірді.
“Германияның Израильге үздіксіз қолдау көрсетуі Холокостқа байланысты ма?” деген сұраққа жауап берген Мерц «Федералды үкімет Израиль құрылғаннан бері оның жанында болды. Израиль Холокосттан аман қалған миллиондаған еврей үшін пана болды. Германия әрдайым Израильмен бірге болады. Бұл біз әрбір үкімет шешімін толықтай қолдаймыз дегенді білдірмейді, алдыңғы үкіметтер де алаңдаушылықтарын білдірген», – деді.
“Eurofighter Typhoon”
Мерц Түркияның “Eurofighter Typhoon” ұшақтарын сатып алу туралы шешіміне қанағаттанатынын білдірді. «Біз бір нәрсеге келісеміз: бұл ұшақтар біздің ортақ қауіпсіздігімізге қызмет етеді», – деді ол.
Германия канцлері «Жаңартылған стратегиялық диалогты бастаймыз және қауіпсіздік саясаты саласында, мысалы бұрын айтылған “Eurofighter” ұшақтарын сатып алу бойынша тығыз ынтымақтастық орнатамыз” деді.
Түркия мен Германия арасындағы Жұмыс күші келісімінің 64 жылдығына орай Мерц Германияға жұмыс істеуге келгендерге алғысын білдірді. «Бұл адамдарсыз Германия 60 жыл бұрынғы экономикалық дамуға қол жеткізе алмас еді», – деді.