"Зергерлік бұйымдарды қайтарыңдар"

Жан д'Орлеан билік өкілдерін Луврдағы ұрлыққа байланысты немқұрайлылықты жазалауға шақырды.

"Зергерлік бұйымдарды қайтарыңдар"

Париж графы ұрылардан Францияның мұрасы мен өзінің отбасы үшін ұрланған зергерлік бұйымдарды қайтаруды өтінді.

“Reuters” агенттігіне сұхбат берген француз король әулетінің тікелей ұрпағы Жан д’Орлеан «Біздің зергерлік бұйымдарымызды қайтарыңыздар, әлі де уақыт бар», – деді.

«Бұл әрі жеке, әрі ерекше жағдай», – деген 60 жастағы д’Орлеан арғы әжесі Гиз герцогинясының 1931 жылы Цейлон сапфирі мен гауһар тасты тәжді тағып тұрған отбасылық фотосуретін көрсетті.

«Бұл зергерлік бұйымдар ерекше жағдайларда, отбасылық шараларда, кейде арнайы портретке түсу үшін тағылған» деді.

Тағы бір суретте д’Орлеанның әжесі Изабель д’Орлеан-Браганстың 1984 жылы Бельгия ханшайымы Астридтің үйлену тойында тәжді соңғы рет таққаны көрсетілген. Бұл тәж 1985 жылы мұражайға 5 миллион франкқа сатылған.

102 миллион долларлық ұрлық

Күндізгі уақытта болған бұл ұрлық Францияны таң қалдырып, елді дүр сілкіндірді. Ұрылар бірнеше минут ішінде 100 миллион доллардан астам құнды ұлттық мұраларды алып кеткен. Бұл 1911 жылы Мона Лизаның ұрлануынан кейінгі Луврдағы ең үлкен ұрлық болды. Полиция бірнеше адамды қамауға алды.

Ұрланған сегіз заттың барлығы 19 ғасырдан қалған және француз корольдері немесе елдің императорлық билеушілеріне тиесілі болған. Олардың ішінде тәж, алқа және сапфир жиынтығынан бір сырға болған, бұл заттар Мария-Амели ханшайымы мен Гортенз ханшайымына тиесілі еді.

1821 жылы король Луи-Филипп Гортенз ханшайымынан сатып алған сапфир жиынтығы Орлеан отбасында бір ғасырдан астам уақыт сақталып, кейін көпшілікке арналған көрмелерде көрсетілген.

Баға жетпес мұра

Граф ұрыларды зергерлік бұйымдарды бүтін қайтаруға шақырды.

«Біздің отбасымыз үшін, француз халқы үшін бұл зергерлік бұйымдардың Луврдағы көрме орнына қайта оралуы маңызды», – деді ол.

Граф мұражайда жаңартылған, қауіпсіздігі күшейтілген зал қолдануды ұсынды.