Трамп Иранға қоқан-лоққы көрсетті

Иран Вашингтонның «ойыны» тағы да сәтсіздікке ұшырайтынын мәлімдеді.

By
Трамп Иранға қоқан-лоққы көрсетті / AP

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі егер кейбір шерушілерді өлім жазасына кесетін болса, өте қатаң шаралар қабылдайтынын ескертті. Ал Тегеран АҚШ-тың бұл ескертулерін «әскери операцияға сылтау іздеу» деп бағалады.

Бұған дейін Ирандағы шерушілерге «көмек жолда» деген Трамп сейсенбі күні «CBS News»-ке берген сұхбатында Иран өлім жазасын қолдана бастаса, АҚШ-тың әрекет ететінін айтты.

Тегеран прокурорлары соңғы наразылықтарға байланысты ұсталған кейбір күдіктілерге «мохаребе» яғни «Аллаға қарсы соғыс ашу» айыбымен өлім жазасы сұралатындығын мәлімдеді.

Иранға бірнеше рет әскери операция қаупін төндірген Трамп: «Егер олар мұндайға барса, біз өте қатаң шаралар қолданамыз. Олар мыңдаған адамды өлтіре бастағанда, мұның олар үшін немен аяқталатынын көреміз», - деді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті парсы тіліндегі «X» парақшасында 26 жастағы шеруші Эрфан Солтанидің сәрсенбі күні өлім жазасына кесілгенін хабарлады.

Сыртқы істер министрлігі «Эрфан ˗ өлім жазасына кесілген алғашқы шеруші, бірақ соңғысы болмайды», - деп жазып, 10 600-ден астам ирандықтың ұсталғанын жеткізді.

Сондай-ақ Иранның БҰҰ жанындағы миссиясы «X» платформасында мәлімдеме жариялап, Вашингтонның «ойын жоспарының» тағы да сәтсіздікке ұшырайтынын айтты.

Жарияланған жазбада «АҚШ-тың Иранға қатысты қиялы мен саясаты режимді өзгертуге негізделген. Санкция, қорқыту мен дүрбелеңді әскери операцияға сылтау ретінде пайдаланып отыр», - делінді.

Иранның мемлекеттік медиасы елдің қауіпсіздік күштерінен ондаған адамның қаза тапқанын және олардың жаназалары үкіметті қолдайтын ірі митингілерге ұласқанын хабарлады.

Тегеран билігі соңғы күндері қаза тапқан «шейіттерге» арнап сәрсенбі күні Тегеранда жаппай жерлеу рәсімі өтетінін мәлімдеді.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары үкіметті «шерушілерге қарсы оқ атып,  интернетті өшіру арқылы қысымның ауқымын жасыруға тырысты» деп айыптады.

Ал ирандық ресми тұлғалар елде бақылау қайта қалпына келтірілгенін алға тартып отыр.