Президент Ердоған: «НАТО қауіпсіздігі үшін Түркияның «F-35» бағдарламасына қайта оралуы қажет»

Режеп Тайып Ердоған  «Bloomberg» агенттігіне берген мәлімдемесінде Түркия ақысын әлдеқашан төлеген «F-35» ұшақтарын қабылдап алуы және бағдарламаға қайта қосылуы АҚШ және НАТО-ның қорғаныс жүйесімен қарым-қатынасты жақсарту үшін маңызды екенін айтты.

By
Президент Ердоған: «НАТО қауіпсіздігі үшін Түркияның «F-35» бағдарламасына қайта оралуы қажет» / AA

Президент Ердоған Түркияның АҚШ жетекшілік ететін «F-35» жойғыш ұшағы бағдарламасына қайта қосылуын талап етіп, бұл қадам Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты нығайтатынын және НАТО қауіпсіздігін арттыратынын айтты.

«Bloomberg» агенттігіне жазбаша берген жауабында Ердоған 2025 жылдың қыркүйегінде Ақ Үйде өткен кездесуге сілтеме жасап, Түркияның шамамен он жыл бұрын Ресейден әскери жабдық сатып алғаны үшін «F-35» бағдарламасынан шығарылуын «әділетсіз» деп бағалағанын және бұл ұстанымын Дональд Трампқа тікелей жеткізгенін мәлімдеді.

Президент Ердоған Трамптың қайтадан АҚШ президенті болуы Анкара мен Вашингтон арасындағы қатынастардың сындарлы негізде дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«F-35» мәселесіне қатысты Ердоған Түркияның ақысы төленген «F-35» ұшақтарын қабылдап алуы және бағдарламаға қайта қосылуы АҚШ-пен қарым-қатынас және НАТО қорғанысы тұрғысынан маңызды, әрі қажетті екенін айтты.

АҚШ-тан «F-16 Block 70» ұшақтарын  сатып алу ықтималдығын қозғаған Ердоған шарттардың НАТО одағына сай болуын күтетіндерін айтып, «Eurofighter» ұшақтарын сатып алу тәжірибесін мысалға келтірді.

Ердоған АҚШ-та «Halkbank»-қа қарсы қозғалған қылмыстық іске тоқталып, Түркия бұл айыптауларды негізсіз деп санайтынын, банктің әділетсіз жазалауға ұшырамауы үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын және заңға сай, әділ шешімге үміттенетіндерін айтты.

Екіжақты энергетикалық қатынастарға қатысты Ердоған: «АҚШ-тан «LNG» жеткізілімін айтарлықтай арттырдық», - деп, оның Түркияның жеткізу тізбегінде маңызды орынға ие болғанын атап өтті.

Президент Түркия ұстанымының айқын екенін айтып, «Ұлттық мүдде мен энергетикалық қауіпсіздігімізге сай әрекет етеміз», - деді. Сондай-ақ көмірсутек импортына тәуелді ел ретінде энергетикалық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін барлық мәселеде теңгерімді саясат ұстану қажет екенін қосты.

«Анкара ˗  Мәскеу және Киевпен тікелей сөйлесе алатын жалғыз актер»

Президент Анкараның Ресей-Украина соғысынан тыс қалуының арқасында алдағы уақытта өтуі мүмкін бейбіт келіссөздер үшін ықтимал алаң иесі рөлін сақтап отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Анкараның қақтығысушы тараптар арасындағы кез келген бітімнің сақталуын бақылауға да қолдау көрсете алатынын мәлімдеді.

Ердоғанның айтуынша, Түркия ˗ Владимир Путин және Владимир Зеленскиймен тікелей сөйлесе алатын жалғыз актер. Ол Түркияның есігі баршаға ашық екенін және мұны ресейлік және украиналық басшыларға бірнеше мәрте ашық жеткізгенін айтты.

Сонымен қатар Ердоған Нетаньяхудың Палестинадағы әрекеттерін қатаң сынға алып, Газада құрылуы жоспарланған Халықаралық тұрақтылық күшінің Түркиясыз құрылуы заңдылыққа ие болуда қиындықтарға тап болатынын атап өтті. Оның айтуынша, Палестина тарапымен терең тарихи байланыстар, Израильмен жұмыс істеген бұрынғы қауіпсіздік және дипломатиялық арналар, сондай-ақ НАТО мүшесі ретінде аймақтық ықпал Түркияны мұндай миссия үшін шешуші ел етеді.

Ердоған Түркияның саяси ерік-жігерінің айқын екенін айтып, Газада тұрақты бейбітшілік орнату үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін мәлімдеді.