Қытайда су тасқынынан 30 адам қаза тапты

«Xinhua» ресми ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда жауын-шашын салдарынан Бейжіңнен 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Президент Си Цзиньпин адам шығынын азайту үшін жан-жақты құтқару жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

/ AP

«Xinhua» агенттігінің мәліметінше, Бейжіңде толассыз жауған жауын салдарынан отыз адам қаза тапты.

Сейсенбі күні агенттік жарияланған ақпаратта Бейжің мен оның маңайындағы аймақта дүйсенбі күні жауын-шашын күшейіп, нөсер жаңбырдың мөлшері 543,4 мм-ге дейін жеткені айтылған.  

Қаза тапқандар Бейжіңнің таулы солтүстік аймақтарынан. 28 адам Миюнь ауданында, ал 2 адам Яньцин ауданында қаза тапқан.

Мемлекеттік агенттіктің хабарлауынша, нөсер жауын салдарынан Бейжіңнен 80 322 адам эвакуацияланған.

Дүйсенбі түні Қытай Халық Республикасының президенті Си Цзиньпин адам шығынын
барынша азайту үшін жан-жақты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Xinhua» агенттігінің дерегіне сүйенсек, Си Цзиньпин соңғы сел салдарынан Бейжің, Хэбэй, Цзилинь және Шаньдун сияқты өңірлерде айтарлықтай адам және мүлік шығындары бар екенін мәлімдеген.