Анкарада “Халықаралық Көне Түркі Тілі Симпозиумы” басталды
Түркология саласының жетекші ғалымдарына бас қостырған бұл симпозиумда көне түркі тілінің бай мұрасы жан-жақты қарастырылуда.
Түрік Тіл Мекемесі мен Анкара Университетінің Тіл және Тарих-География факультетінің ынтымақтастығымен ұйымдастырылған Халықаралық Көне Түркі Тілі Симпозиумы 4–5 желтоқсан күндері Анкарада өтуде.
Түркология саласының жетекші ғалымдарына бас қостырған бұл симпозиумда көне түркі тілінің бай мұрасы жан-жақты қарастырылуда.
Симпозиумның беташарында Анкара Университеті Тіл және Тарих-География факультетінің деканы Проф. Др. Ирфан Албайрак пен Түрік Тіл Мекемесінің төрағасы Проф. Др. Осман Мерт сөз сөйледі.
Проф. Др. Ирфан Албайрак факультеттің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шараның символдық мәні жоғары екенін атап өтіп, түркі тілінің тарихи мұрасы мен мәдени сабақтастығын сақтау жолындағы жауапкершілікке назар аударды. Сондай-ақ ол Ататүріктің түркі тіліне берген маңызын еске салып, факультеттің көне түркі тілі бойынша 90 жылдық ғылыми тәжірибесін айрықша атап өтті. Түркі тілінің әртүрлі географиялық кеңістіктердегі іздерін ғылыми әдістермен зерттеу қажеттігі де сөз болды.
Түрік Тіл Мекемесі төрағасы Проф. Др. Осман Мерт өзінің сөзінде көне түркі тілін тек тарихи кезең ғана емес, ұлттың мәдени жадын сақтаушы өзек ретінде сипаттады. Орхон ескерткіштерінен бастап, Ұйғыр және Қарахан кезеңдеріне дейінгі көне мәтіндер түркі дүниетанымының бағыт-бағдарын айқындайтынын айтты. Сондай-ақ Мерт жас зерттеушілерді бұл мұраны мұқият әрі ғылыми жауапкершілікпен зерттеуге шақырды және симпозиум түркология әдебиетіне жаңа үлес қосатынына сенім білдірді.
Ашылу отырысын басқарған Проф. Др. Сема Барутчу Өзөндер жетекшілік еткен сессияда «Ұйғыр әріпті Оғыз дастаны» және «Хакасиядағы Тепсей тауы маңындағы үңгірден табылған көне түркі жазба ескерткіші» туралы баяндамалар жасалды.
Симпозиумның алғашқы күніндегі отырыстарда Құтты білік, Орхон жазбаларындағы баяндау тәсілдері, көне түркі құқық мәтіндері, көне түркі (көктүрік) тілінің сөздік қорының ерекшеліктері, көне түркі тіліндегі сан атаулары, Түрік қағанатының жазбалары сияқты тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар мәтіндерді аудару кезінде ескерілмей қалатын мәдени кодтар мен көне түркі тіліндегі семантикалық сөз тудыру үрдістері жөніндегі зерттеулер қолға алынды.
Симпозиумға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Жапония, Қытай сияқты елдерден келген тіл мамандары қатысты. Түркі тілдері және тіл білімі кафедраларының студенттері де шараға айрықша қызығушылық танытты.