Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшырды

Оңтүстік Корея армиясы Солтүстік Кореяның шығыс су айдыны бағытына қарай кемінде бір баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлады.

By
Солтүстік Кореяның соңғы зымыраны Жапонияның айрықша экономикалық аймағынан тыс жерге түскен болуы мүмкін. [Мұрағаттық сурет]

Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары жұма күні жасаған мәлімдемесінде оқиғаға қатысты қосымша ақпарат таратпады. Ұшырылған зымыранның түрі мен ұшу қашықтығы әзірге анықталған жоқ.

Сонымен қатар  Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити Солтүстік Кореяның соңғы зымыраны Жапонияның айрықша экономикалық аймағынан тыс жерге түскен болуы мүмкін екенін айтты.

Такаити зымыран ұшыру салдарынан ешқандай залал немесе зақым туралы хабарлама тіркелмегенін атап өтті.

“Yonhap” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, соңғы шиеленіс Оңтүстік Кореяның барлау қызметі сәрсенбі күні жасаған мәлімдемеден кейін күшейген. Онда агенттік Солтүстік Кореяның жетінші ядролық сынаққа дайын екенін және Ким Чен Ын шешім қабылдаған жағдайда оны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыра алатынын айтқан.

Биліктегі Демократиялық партия депутаты Пак Сон-вон мен оппозициялық Халық күші партиясының депутаты Ли Сон-гвын кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында: «Ким Пхунгери полигонындағы №3 туннельді пайдаланып ядролық сынақ өткізу туралы шешім қабылдаса, бұл қысқа мерзім ішінде іске асырылуы мүмкін», - деді.