Түркия халықаралық қауымдастықты әрекет етуге шақырды

Түркия Республикасының Қорғаныс министрлігі Газаға гуманитарлық көмектің үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізілуі аса маңызды екенін мәлімдеді.

By
Түркия халықаралық қауымдастықты әрекет етуге шақырды / AA

Түркия Израильдің аймақтағы әрекеттеріне қарсы халықаралық қауымдастықтың нақты және батыл қадам басуы қажет екенін тағы да қайталады.

Түркия Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Зеки Актүрк бейсенбі күні өткен апталық баспасөз брифингінде Израильдің Батыс Шерия мен Иерусалимдегі агрессиясын, сондай-ақ Сирия мен Ливанды тұрақсыздандыруға бағытталған басып алу саясатын жалғастырып отырғанын айтты.

Актүрк: «Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге халықаралық қауымдастықтың аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған Израиль әрекеттеріне қарсы табанды және мықты ерік-жігер көрсетіп, шара қабылдауы керек екенін қайталаймыз», - деді.

Министрліктің баспасөз хатшысы Газаға гуманитарлық көмектің үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізілуінің, азаматтардың шұғыл қажеттіліктерін қамтамасыз етудің және бітім шарттарының толық орындалуының аса маңызды екенін атап өтті.

«Осы бағыттағы кез келген халықаралық бастамалар мен сындарлы күш-жігерге қолдауымызды жалғастырамыз,» - деп қосты Актүрк.

Актүрк Түркияның НАТО-дағы маңыздылығына тоқталып, елдің 1952 жылы одаққа қосылғаннан бері барлық міндеттемелерін нәтижелі орындап келе жатқанын айтты.

«Түркияның жан-жақты әскери іс-қимылдары мен әлемдік деңгейде мойындалған белсенді дипломатиясының нәтижесі ретінде 2026 жылдың шілде айында Анкарада НАТО Басшылар саммиті өтеді,» – деді ол.

Саммит бағдарламасына Қорғаныс өнеркәсібі форумы мен НАТО Қорғаныс министрлері кездесуінің де енгізілетінін хабарлады.

Актүрк 2026 жылы Түркияның тағы екі маңызды НАТО шарасын өткізетінін атап өтті.

Қазіргі қауіпсіздік жағдайында байланыс тәсілдері мен стратегиялық коммуникациядағы жаңашылдықтарға бағытталған НАТО конференциясы қыркүйек айында Стамбулда өтеді.

NATO-ның Байланыс және ақпарат агенттігі (NCIA) ұйымдастыратын, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздіктен бастап, басқару-бақылау жүйелері мен дерек алмасу технологияларына дейінгі көптеген тақырыпты қамтитын «NATO EDGE» шарасының үшінші басқосуы 2026 жылдың 17–19 қарашасы аралығында Измир қаласында өтетін болды.

Актүрк Түрік Қарулы Күштері оқу-жаттығу және дайындық іс-қимылдарын табысты жалғастырып отырғанын айтып, Польшадан өткен «Loyal Dolos NATO Combat Readiness» деп аталатын компьютерлік қолдау негізіндегі оқу-жаттығуға Түркияның да қатысқанын мәлімдеді.

Баспасөз хатшысы сондай-ақ Италия, Германия және Албания әскери-теңіз күштерінің «Standing NATO Maritime Group 2» міндеттемесі аясында тиісінше Аксаз, Чанаккале және Измир порттарына сапар жасағанын, сондай-ақ Франция Әскери-теңіз күштеріне тиесілі бір кеменің Анталияға келгенін хабарлады.

Актүрк Түрік Қарулы Күштерінің мүмкіндіктері отандық негізде әзірленген стратегиялық және технологиялық жүйелер арқылы үнемі күшейіп жатқанын ерекше атап өтті.

Ол Түркияның 29 қарашада әлемде алғаш рет тарихи жетістікке қол жеткізгенін айта келе, «Baykar» әзірлеген «Bayraktar KIZILELMA» ұшқышсыз жойғыш ұшағының «ASELSAN» өндірген «MURAD AESA» радиолокаторын қолдана отырып, Қаратеңіз үстінде «TÜBİTAK-SAGE» жасап шығарған «GÖKDOĞAN» көріну шегінен тыс әуе зымыранымен әуедегі нысананы сәтті жойғанын жеткізді.

Сонымен қатар Машина және химия өнеркәсібі корпорациясы өткен апта түрлі қару-жарақ және оқ-дәрілерді жеткізу жұмыстарын аяқтағанын айтты.

«Министрлігімізге қарасты Машина және химия өнеркәсібі акционерлік қоғамы алғаш рет Стокгольм Халықаралық Бейбітшілік Зерттеулері Институты құрастырған әлемдегі ең ірі 100 қорғаныс компаниясы қатарына енді», - деді ол.

«ASFAT» акционерлік қоғамы мен НАТО және Еуропа Одағына мүше Румыния Қорғаныс министрлігі арасында бір дана жеңіл корвет экспорттауға бағытталған келісімшарттың Қорғаныс министрінің орынбасары Муса Хейбеттің қатысуымен рәсімделгенін айтты.

Сондай-ақ министрлік өкілі «TF-2000» әуе қорғаныс жойғышының құрылысы басталғаннан кейін, Түркияның ұлттық сүңгуір қайығы «MILDEN» үшін алғашқы сынақ блогын дайындау жұмыстары да қолға алынғанын жеткізді.

Актүрк сөзін қорытындылай келе «Отандық қорғаныс өнеркәсібінде қол жеткізілген бұл тарихи табыстар ˗ еліміздің осы саладағы жетістігінің айқын дәлелі. Бұл үдеріске еңбегі сіңген барлық азаматтарды тағы да құттықтаймыз,» - деді.