Трамп қолбасшыларына Гренландияны басып алу жоспарын әзірлеуді тапсырды

Жоғары деңгейдегі әскери шенеуніктердің президенттің жоспарына қарсы шыққаны хабарланды.

By
Трамп қолбасшыларына Гренландияны басып алу жоспарын әзірлеуді тапсырды / AP

Ұлыбританияда шығатын «Daily Mail» газетінің хабарлауынша, Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп арнайы операция күштерінің қолбасшыларына Гренландияны басып алу жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берген.

Хабарда айтылғандай, Вашингтон 3 қаңтар күні Венесуэлада президент Николас Мадуро мен оның жұбайы алып қашырылған әскери операцияны сәтті жүзеге асырғаннан кейін, президенттің айналасындағы «саяси белсенділер» Ресей немесе Қытай әрекет етпей тұрып, аралды жедел түрде бақылауға алуды көздеп отыр.

Мәліметке сәйкес, Дональд Трамп Біріккен арнайы операциялар қолбасшылығына басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырған. Алайда АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтарының біріккен комитеті бұл қадамды заңсыз деп бағалап, АҚШ Конгресі қолдамайтынын айтып, қарсы шыққан.

Жұма күні Ақ Үйде өткен іс-шарада Трамп: «Қаласа да, қаламаса да, Гренландия мәселесіне кірісеміз. Өйткені біз әрекет етпесек, Ресей немесе Қытай көршіміз болады, ал біз мұны қаламаймыз», - деді. Сондай-ақ ол: «Мәселені оңай жолмен шешкім келеді, бірақ олай болмаса, күшпен шешеміз», - деп ашық түрде мәлімдеді.

Осы мәлімдемеден кейін Гренландиядағы саяси партиялардың жетекшілері бірлескен үндеу жариялап, «Біз америкалық болғымыз келмейді, даниялық та болғымыз келмейді.  Біз гренландиялық болғымыз келеді», - деді.

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамптың мұндай ұстанымы АҚШ пен Еуропа мемлекеттері арасындағы қарым-қатынасты едәуір ушықтыруы мүмкін, тіпті бұл қадам НАТО одағының болашағына қауіп төндіруі ықтимал.