Ресей Украинаның екі өңірін электр қуатынсыз қалдырды

Мыңдаған адам жарықсыз әрі жылусыз қалды.

By
Украинаның мәлімдеуінше, Ресейдің энергетикалық нысандарға қайта жасаған шабуылдары екі облыста электр қуатын өшірген. / Reuters

Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасаған ауқымды шабуылы Украина шығысында ауа температурасы нөлден төмен түскен өңірлерде электр энергиясының үзілуіне әкелді.

Ресейдің әуе шабуылдары Украинаның шығысындағы кейбір аудандарда электр қуатын өшіріп, мыңдаған адамды жарықсыз әрі жылусыз қалдырды. Украина билігінің мәліметінше, температураның нөлден төмендеуі бұл жағдайдың халық үшін қиындықтарын одан әрі күшейткен.

Украинаның мемлекеттік энергия операторы “Ukrenergo” бірнеше өңірде энергетикалық инфрақұрылым ірі көлемдегі дрон шабуылының нысанасына айналғанын хабарлады.

Компания түн ортасына аз уақыт қалғанда жасаған мәлімдемесінде: «Жау бірнеше өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымға қарсы ауқымды дрон шабуылы жасады», – деді.

Өңірдің әскери әкімшілігі басшысы Владислав Гайваненконың айтуынша, шабуылдар Днепропетровск облысындағы маңызды инфрақұрылымды зақымдаған.

Гайваненко “Telegram” желісіндегі жазбасында:
«Жағдай өте ауыр. Алайда қауіпсіздік жағдайы мүмкіндік берген сәтте энергетика саласының қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі», – деп мәлімдеді.

Запорожье облысының губернаторы Иван Федоров:
«Электр энергиясы негізгі нысандарға қайта берілді, алайда үйлердің көпшілігі әлі де жарықсыз қалып отыр», – деп, барлық тұтынушыларды мүмкіндігінше тезірек электрмен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатқандарын және су жеткізу негізінен қалпына келтірілгенін хабарлады.

Киев пен оның одақтастары азаматтық инфрақұрылымның әдейі нысанаға алынуы суық айларда халықты әлсіретуді көздейді деп есептейді.