Президент Ердоған Оңтүстік Корея президентімен Анкарада кездесті

Президент Ердоған екі тарап таза энергия станциясын құру жөніндегі келіссөздерді жалғастыратынын айтты.

By
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ-мён Анкарада кездесті / AA

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Оңтүстік Корея президенті Ли Чже-мён ынтымақтастықты кең ауқымда нығайтуға бағытталған жан-жақты келіссөздер үшін Анкарада кездесті.

Президент Ердоған дүйсенбі күні Оңтүстік Корея президентімен сауда, қорғаныс, жасанды интеллект, энергетика, жартылай өткізгіштер және басқа да салаларды қамтитын екіжақты қатынастарды талқылағанын айтты.

Тараптар сондай-ақ плазма технологиясы саласында өзара келісімге қол қойды.

Ердоған қазіргі таңда екіжақты сауда көлемі 10 млрд доллардан асқанын айтып, бұл көрсеткішті 15 млрд долларға дейін арттыруды мақсат ететіндерін жеткізді. Ол инвестиция салғысы келетін оңтүстіккореялық инвесторларға толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Анкара мен Сеул өзара тиімділік қағидаты негізінде көптеген салада қатынастарын нығайта бермек», - деді президент Ердоған.

Қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың өзара оқу-жаттығу бағдарламалары мен инвестициялар арқылы тереңдетілуі мүмкін екенін атап өтіп, «Тиісті мекемелермен таза энергия станциясын салуға қатысты келіссөздеріміз де жалғасып жатыр», – деді.

Ердоған мықты қорғаныс ынтымақтастығы екі елдің әлеуетін арттырып, аймақтық бейбітшілікке де үлес қосатынына үміт білдірді.

Сондай-ақ президент Оңтүстік Кореяның Сириямен дипломатиялық қатынастар орнату туралы шешімін құптап, оны «қуанышты жаңалық» деп атады.

Газа мәселесіне қатысты Ердоған: «Түркия мен Оңтүстік Корея Газадағы бітімді сақтау, бейбіт тұрғындардың өліміне жол бермеу және екі мемлекет негізіндегі шешімге қолдау көрсету ұстанымында», – деді.

Украина жөнінде Ердоған Түркияның «әсіресе Стамбул келіссөздері арқылы» тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған барлық дипломатиялық күш-жігерді қолдауды жалғастыратынын айтты.

Президент Ердоған Анкараның Ирак, Африка, Орталық Азия сияқты көптеген өңірмен, сондай-ақ Сирия, Газа және Украинаны қайта қалпына келтіру ісінде Сеулмен бірге жұмыс істей алатынына сенетінін жеткізді.

Оңтүстік Корея президенті Ли Чже-мён жексенбі күнгі мәлімдемесінде өз елі мен Түркияны «еркіндік пен демократияны қорғау үшін қатар күрескен, қанмен байланысқан бауырлас халықтар» деп атаған болатын.