Колумбияда климаттық дағдарыс: 40 мың гектар жер су астында

Колумбия президенті Густаво Петро елде 40 000 гектар аумақтың су астында қалуына және уақытша баспаналардың толып кетуіне байланысты экономикалық төтенше жағдай жариялау мүмкіндігін қарастырып отыр.

By
Колумбияда климаттық дағдарыс / Reuters

Ақпан айы үшін тарихи рекордтарды жаңартқан әдеттен тыс жауын-шашын гуманитарлық төтенше жағдай туғызып, Колумбияның солтүстігін ауыр климаттық дағдарысқа ұшыратты.

Кемінде 14 адамның қаза тапқаны, ал 120 000-нан астам адамның қоныс аударғаны немесе су тасқынынан зардап шеккені хабарланды. Қатты су тасқыны мен көшкін Кордоба, Ла-Гуахира, Сукре, Магдалена, Чоко және Антиокия аймақтарына үлкен зиян келтірген.

Апаттың ауқымы жылдың бұл мезгілі үшін бұрын-соңды болмағаны айтылуда. Табиғи апат тәуекелдерін басқару ұлттық басқармасының (UNGRD) директоры Карлос Каррильо дүйсенбі күні Кордоба аймағында жауын-шашын мөлшері 1600%-ға артқанын мәлімдеді.

Каррильо: «Бұл су деңгейі аймақтың әдетте ең құрғақ ай саналатын ақпан айында бұрын ешқашан тіркелмеген», - деп, қазіргі уақытта 40 000 гектардан (98 842 акр) астам жердің су астында қалғанын айтты.

«Бұл — анық климаттық дағдарыс, бұл-  төтенше жағдай», - деді ол.

Кордоба губернаторы Эрасмо Сулета әкімшілік ғимаратының 80%-ы су астында қалғанын растады. Көптеген ауданның үйлері шатыр деңгейіне дейін суға батып, маңызды көлік жолдары үзіліп қалды.

Ла-Гуахира мен Магдаленада 12 сағаттан астам тоқтаусыз жауған жаңбыр өзендердің тасуына және көлік қозғалысының тоқтауына себеп болды.

Толып кеткен уақытша баспаналардағы адамдар таза су мен санитарияның жетіспеуінен асқазан-ішек ауруларының, тыныс жолы инфекцияларының және тұмауға ұқсас белгілердің көбейгенін хабарлауда.