Өзбекстан президенті педофилия қылмысына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын енгізді
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев педофилия қылмысына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын жаңа жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі сейсенбі күні хабарлады.
Мемлекет басшысы бұған дейін ведомствоаралық кеңестің отырысында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі күшейтуге бағытталған ұсыныстар мен бастамаларды қарастырған болатын.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, жаңа бастамалар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қудалау фактілерінің алдын алуға бағытталған. Бұл мәселе жоғары деңгейде бірнеше рет талқыланып, құқық қорғау органдары мен басқа да тиісті мемлекеттік мекемелерге арнайы міндеттер жүктелген.
Сонымен қатар осы саладағы жұмыстарды үйлестіру үшін қысқа мерзім ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуге жауапты ведомствоаралық кеңес құрылғаны айтылды. Кеңес дайындаған бастамалар қоғамнан түскен ұсыныстар, сарапшылардың пікірлері және халықаралық озық тәжірибелер негізінде қаралған.
Қаралған ұсыныстардың қатарында жыныстық қысым көрсетуге қатысты жазаны қатаңдату, бес тәулікке дейін әкімшілік қамау енгізу, сондай-ақ педофилия қылмысына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу шаралары бар.
Мәлімдемеде ұсынылған бастамаларды мақұлдаған президент тиісті жарлыққа қол қойғаны және жаңа шаралар туралы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жауапты органдарға тапсырғаны атап өтілді.