Марк Карни Си Цзиньпинмен кездеседі

Канада премьер-министрі Марк Карни бұрынғы жаһандық сауда жүйесінің дәуірі аяқталғанын айтып, Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинмен кездесу қарсаңында ең маңызды экономикалық өзгерістердің бірінің жақындап келе жатқанын ескертті.

Марк Карни Си Цзиньпинмен кездеседі

Канада премьер-министрі Марк Карни жұма күні жасаған мәлімдемесінде ережелерге негізделген еркін сауда мен инвестиция дәуірінің артта қалғанын, жаһандық экономиканың 1989 жылы Берлин қабырғасы құлағаннан бері ең терең өзгерістердің бірін бастан өткеріп жатқанын айтты. Карни бұл сөзін Оңтүстік Кореяда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясындағы іскерлік іс-шара кезінде айтты.

Карни: «Ережелерге негізделген еркін сауда мен инвестиция тұрақты түрде кеңейіп отырған бұрынғы әлем елдеріміздің, соның ішінде Канаданың өркендеуінің негізі болған жүйе енді жоқ»,- деді.

Саммит барысында Карни Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуге дайындалып жатыр. Бұл Қытай мен Канада арасындағы 2017 жылдан бергі алғашқы ресми кездесу болмақ. Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары бұл кездесуді екі ел қатынастарындағы маңызды қадам ретінде сипаттады.

Карни Канада алдағы он жыл ішінде АҚШ-тан тыс елдерге экспорт көлемін екі есе арттыруды көздеп отырғанын айтты.

Кездесу қарсаңында Си Цзиньпин әлемде жүз жылда болмаған өзгерістердің үдеп жатқанын, ал халықаралық жағдайдың күрделі екенін мәлімдеді. Қытай Сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеге сәйкес, Си саммитте сөйлеген сөзінде «Шынайы көпжақтылықты ілгерілетіп, Дүниежүзілік сауда ұйымының басшылығымен көпжақты сауда жүйесінің беделі мен тиімділігін арттыруымыз керек»,- деді.

Си сондай-ақ ашық өңірлік экономиканы қалыптастыру, жеткізу тізбектерін тұрақтандыру, саудада цифрлық және жасыл трансформацияны ілгерілету, инклюзивті дамуды қамтамасыз ету жөнінде бес ұсыныс ұсынды.
Ол Қытай нарығын одан әрі ашу жөніндегі уәдесін қайталап, Қытайдың бес жыл қатарынан әлемдегі ең ірі тауар саудасы жүргізілетін ел болып отырғанын атап өтті.

Қарым-қатынасты қайта жандандыру

Канаданың Қытаймен қарым-қатынасы батыс елдері арасындағы ең күрделі және шиеленісті қатынастардың бірі. Алайда екі ел де Дональд Трамп енгізген кедендік тарифтен зардап шегіп отыр. Си Цзиньпин мен АҚШ президентінің бейсенбі күні шиеленісті бәсеңдету туралы келісіміне қарамастан, жағдай әлі де тұрақтанған жоқ.

Екі ел арасындағы байланыс 2018 жылы Қытайдың телекоммуникация компаниясы басшысының АҚШ-тың талабы бойынша Ванкуверде тұтқындалуынан кейін күрт нашарлады. Бұған жауап ретінде Қытай екі канадалықты тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алған болатын.

Биыл шілде айында Карни құрамында Қытайда балқытылған және құйылған болат бар болат импорттарына қосымша 25% кедендік баж салығын енгізетінін жариялады, ал бір айдан кейін Бейжің Канададан әкелінетін рапс импортына 75,8% мөлшерінде уақытша кедендік тариф енгізетінін мәлімдеді.