Түрік тілі қоғамы 2025 жылдың сөзін жариялады: «Цифрлық ар-ұждан»
Түрік тілі қоғамы бұл тіркес цифрлық дәуірде ар-ұжданның жауапкершілік пен іс-әрекеттен алшақтап, тек бір «рет басуға» (кликке) дейін төмендегенін көрсететінін айтады.
Түрік тілі қоғамы 2025 жылдың сөзі ретінде «цифрлық ар-ұждан» тіркесін таңдады.
Түрік тілі қоғамының мәліметінше, адамның өз іс-әрекетін саралап, адамгершілік құндылықтар төңірегінде ойлануына түрткі болатын сезім ретінде анықталатын «ар-ұждан» сөзі цифрлық дәуірде жаңа сипатқа ие болды.
Түрік тілі қоғамы өз мәлімдемесінде: «Адамдар көбінесе шынайы өмірде жауапкершілік алмайтын немесе алғысы келмейтін мәселелерде әлеуметтік желіде бөлісу немесе «лайк» басу арқылы «өз ар-ұждандарын тыныштандыруға» бейім. Бұл жағдай жеке тұлғаның сезімталдығын пассивтендіріп, ар-ұжданды тек «басуға болатын әрекетке» айналдырады», — деді.
Қоғам интернет пайдаланушыларының «лайктар», жазбалар мен пікірлер арқылы өздерінің «адамдық борышын» орындағандай сезінетінін және мейірім мен ынсап сезімін тек символикалық көрініспен шектейтінін атап өтті. Мәлімдемеде сондай-ақ «Сондықтан «цифрлық ар-ұждан» ұғымы заманымызда ар-ұжданның цифрлық ортада алған осы жаңа, көбінесе алдамшы қызметін түсіндіретін қажетті термин ретінде тілімізден орын алуы керек», — делінген.
Түрік тілі қоғамының пайымдауынша, цифрлық ар-ұждан «адамдарды нақты шындық алдында нақты шешім шығарудан тежеп, мәселелердің кеңеюіне және тереңдеуіне себеп болады».
Түркия Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой “X” әлеуметтік желісінде жасаған мәлімдемесінде бұл сөздің шамамен 300 000 адамның дауыс беруі нәтижесінде таңдалғанын айтты. «Цифрлық ар-ұждан жеке және қоғамдық сезімталдығымызды көрсететін қуатты ұғым ретінде алға шықты», — деген Ерсой цифрлық дәуірде ар-ұжданның тек бір «рет басуға» дейін төмендегенін де сөзіне қосты.