Түркиялық «Plan-S» компаниясының орбитадағы спутниктер саны 16-ға жетті

«Plan-S» компаниясы жаһандық спутниктік «IoT» (заттар интернеті) әлеуетін арттырып жатқан тұста жаңа «Connecta» спутниктері «SpaceX» миссиясы арқылы орбитаға ұшырылды.

By
Түркиялық «Plan-S» компаниясының орбитадағы спутниктер саны 16-ға жетті / AA

Түркияның жаһандық ғарыш секторындағы жетекші компанияларының бірі «Plan-S» «SpaceX»-тің «Twilight» миссиясы аясында «Connecta» маркасындағы заттар интернеті (IoT) бағытында төрт жаңа спутникті орбитаға сәтті ұшырып, «IoT» спутниктерінің санын 16-ға жеткізді.

Компанияның дүйсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде Түркиядағы стартаптың спутникті жобалау, сынақтан өткізу, өндіру және интеграциялау секілді барлық үдерісті толық аяқтағаны айтылды.

Төрт жаңа спутниктің қосылуымен «Plan-S» «Connecta» бренді арқылы «IoT» қызметтерінің қуатын кеңейтіп, әлем нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруды көздеп отыр.

Түркияның Ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында жұмыс істейтін «Plan-S» жергілікті ресурстарды пайдаланып, спутниктің қосалқы жүйелері мен жерүсті жүйелерін әзірлеуді жалғастырып келеді.

Компания «Connecta» брендімен жаһандық «IoT» байланыс қызметтерін ұсынса, «Observa» бренді аясында да ғарыш деректерін талдайды. Бұл қызметтерге қажет технологиялық инфрақұрылымның барлығы отандық өнім.

Халықаралық өсім стратегиясы шеңберінде «Plan-S» шетелде лицензиялау жұмыстарын жеделдетті. Компания Түркия, Австралия, Швеция және Данияда лицензиялау үдерісін аяқтаған, ал Сауд Арабиясы, БАӘ, Әзербайжан, Индонезия және Пәкістан нарығына шығу үшін келіссөздер жалғасуда.

«Plan-S» сондай-ақ Түркияда «Türk Telekom» инфрақұрылымына интеграцияланған «IoT» қызметтерін ұсыну үшін байланыс операторымен ынтымақтастық келісіміне қол қойғанын мәлімдеді.

«Plan-S» бас директоры Өздемир Гүмүшай компанияның отандық технологиялардың жаһандық ауқымда даму мақсатын қолдап, нарық қажеттіліктеріне жедел жауап беруге мүмкіндік беретінін айтты.