АҚШ одақтастарының Палестинаны мойындауын «көзбояушылық» деп атады

Вашингтон тұтқындардың босатылуы мен Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сылтауымен одақтастарынан алшақтап, Израильге қолдауын екі еселеді.

/ AP Archive

Америка Құрама Штаттары Ұлыбритания, Аустралия және Канада секілді маңызды одақтастарының Палестина мемлекетін мойындауын «көзбояушылық» деп сипаттады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі жексенбі күні аты-жөнін жарияламау шартымен жасаған мәлімдемесінде: «Назарымыз көзбояушылық әрекеттерде емес, маңызды дипломатияда. Басты басымдықтарымыз айқын: тұтқындарды босату, Израильдің қауіпсіздігі және бүкіл аймақ үшін бейбітшілік пен өркендеу» - деп, жауапкершілікті ХАМАС-қа жүктеді.

Бұл мәлімдеме сол күні Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия Палестинаны ресми түрде мойындағаннан кейін жасалды.

Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер: «Таяу Шығыстағы өсіп келе жатқан қасіретке қарсы бейбітшілік және екі мемлекет шешімі мүмкіндігі үшін әрекет етудеміз» деді.

Канада Премьер-министрі Марк Карни болса «Біз Палестина үшін де, Израиль үшін де бейбіт болашақ уәдесін құру жолында серіктестік ұсынамыз» деп мәлімдеді.

Биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясы барысында Франция, Бельгия, Люксембург, Мальта, Андорра және Сан-Марино секілді елдердің де Палестинаны мойындауы күтілуде. Бұл жағдай Израильді, сонымен бірге жанама түрде АҚШ-ты одан әрі оқшаулауы мүмкін.

Израильдің жауабы

Беньямин Нетаньяху АҚШ-тан оралған соң Израильдің ресми жауабын жариялайтынын айтты. Нетаньяху АҚШ-та Президент Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отыр.

Нетаньяху мәлімдемесінде: «Сіздерге тағы бір хабарым бар: Бұл жүзеге аспайды. Иордан өзенінің батысында Палестина мемлекеті құрылмайды» деді.

Оңшыл радикал Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир Израиль үкіметін басып алынған Батыс Шерияны аннексиялауға және «Палестина әкімшілігін толықтай жоюға» шақырды.

Бен-Гвир әлеуметтік желі “X”-те Батыс Шерияны аннексиялау жөніндегі ұсынысты алдағы кабинет отырысына ұсынатынын жеткізді.

Қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің шамамен төрттен үші Палестинаны мойындап отыр. Өткен жылы Ирландия, Испания және Норвегия да Палестинаны ресми мойындаған болатын.