Норвегия премьер-министрі Трамптың НАТО туралы мәлімдемелеріне қарсы шықты

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре АҚШ-тың НАТО-дан «ештеңе алмағаны» туралы Дональд Трамптың уәжін теріске шығарып, Еуропаны өзіндік қауіпсіздік ынтымақтастығын күшейтуге үндеді.

By
Норвегия премьер-министрі Трамптың НАТО туралы мәлімдемелеріне қарсы шықты / Reuters

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре дүйсенбі күні Осло қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамптың «АҚШ НАТО-дан ештеңе алған жоқ» деген мәлімдемесіне қарсы шықты. Ол бұл уәждің мүлдем қате екенін және ұжымдық қауіпсіздікті «бердім-алдым» дейтін базардағы сауда деңгейіне түсіруге болмайтынын айтты.

Стёре «Америка президентінің Давоста «НАТО-ға бәрін бердік, бірақ қарымтасына ештеңе алмадық» деуі — мүлдем қате. Бұл өтірік. Мүлдем қате», — деді.

Альянстың өзара тиімділікке негізделгенін атап өткен Стёре ұжымдық қорғаныстың «қайырымдылық қоры» емес, керісінше ортақ мүддеге негізделген жүйе екенін алға тартты. Ол АҚШ-тың одақтастарға бағытталған кедендік салық қоқан-лоққылары мен Вашингтонның Гренландияны иемдену әрекетін геосаяси қысымның артуы ретінде бағалап, бұл әлемдік тәртіптің өзгеріп жатқанының белгісі екенін айтты.

Еуропалық ынтымақтастықты тереңдету

Норвегия премьер-министрі қауіпсіздік, қорғаныс және сауда мәселелерінде еуропалық ынтымақтастықты тереңдетумен қатар, Еуропаның қорғаныс саласында АҚШ-пен қарым-қатынасын қайта қарауы керектігі туралы маңызды үндеу тастады.

«Біз қорғанысқа аймақтық жоспарларға сай келетіндей ақылмен қаржы жұмсаймыз. Бірақ бұдан да көп жұмыс істейміз», — деген Стёре «Негізгі еуропалық серіктестерімізбен, әсіресе Ұлыбританиямен стратегиялық ынтымақтастығымызды нығайтамыз. Достар, ұмытпаңыздар, Еуропа Одағы біздің қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды», — деп толықтырды.

Стёре ЕО-ға мүше мемлекеттер НАТО-ның әскери әлеуетінің шамамен 20 пайызын ғана құрайтынын, ал қалған 80 пайызы АҚШ, Канада, Түркия, Ұлыбритания және Норвегия сияқты ЕО-ға кірмейтін одақтастардан келетінін ескертті. Ол Еуропаның стратегиялық дербестікке ұмтылғанына қарамастан, альянс ішіндегі өзара тәуелділіктің маңызы зор екенін баса айтты.