Түркия Суданға гуманитарлық көмек жіберді
Жіберілген гуманитарлық көмек Суданда жалғасып жатқан қақтығыстар салдарынан қоныс аударған адамдарға арналған және азық-түлік, гигиена құралдары, медициналық жабдықтар мен баспанаға қажетті материалдарды қамтиды.
Түркия Суданда жалғасып жатқан қақтығыстардан зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында 2 600 тонна гуманитарлық жүк тиелген алтыншы «Жақсылық кемесін» жөнелтті.
Мерсин портынан жолға шыққан кеме Апат және төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD), жергілікті билік, үкіметтік емес ұйымдар және Катар Даму қорының ұйымдастыруымен дайындалды.
AFAD төрағасы Али Хамза Пехливан Түркияның Судандағы гуманитарлық дағдарысқа бейжай қарамайтынын атап өтіп, 2024 жылы 5 500 тонна көмек табысталғанын, ал өткен ай үш кемемен 30 000 шатыр жөнелтілгенін айтты.
Соңғы жөнелтілім құрамында азық-түлік, жеке гигиена құралдары, медициналық құрал-жабдықтар және баспанаға қажетті материалдар бар.
Пехливан: «Судандағы босқындардың баспанаға мұқтаждығы желтоқсан айында аса маңызды деңгейге жеткенін ескере отырып, 7 желтоқсанда кемелерді жөнелте бастадық. Үш кемені қатарынан жіберіп, ондағы бауырларымыздың баспана қажеттілігін өтеуге тырыстық», - деді.
Ол сондай-ақ Түркияның Газаға бағытталған гуманитарлық көмегі де жалғасып жатқанын айтып, жиырмасыншы кеменің келесі аптада жолға шығуы жоспарланып отырғанын, осы уақытқа дейін шамамен 105 000 тонна жәрдем жеткізілгенін атап өтті.
Судан 2023 жылдың сәуір айынан бері армия мен Жедел қолдау күштері арасындағы қанды қақтығыстың ортасында қалып отыр. Бұл қақтығыс мыңдаған адамның қаза табуына және миллиондаған тұрғынның қоныс аударуына себеп болды.
Суданның Дарфур өңіріндегі бес уәлаяттың барлығы қазір Жедел қолдау күштерінің бақылауында. Ал Солтүстік Дарфурдың солтүстігіндегі бірнеше аумақ әлі де үкімет армиясында.
Судан армиясы ел астанасы Хартуммен қатар оңтүстік, солтүстік, шығыс және орталық аймақтардағы 13 уәлаяттың көпшілігінде әлі де үстемдігін сақтап отыр.