Иран АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшағын атып түсірді ме?
Таяу Шығыста өзара шабуылдар жалғасып жатқанда, Иран Ислам төңкерісі сақшылар корпусы АҚШ-қа тиесілі екінші F-35 ұшағының жойылғанын алға тартты.
Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ислам төңкерісі сақшылар корпусы жұма күні елдің орталық бөлігінде АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді.
Жартылай ресми «Тасним» ақпарат агенттігі Иран Ислам төңкерісі сақшылар корпусының мәлімдемесіне сілтеме жасап, ұшақтың жойылғанын, бірақ ұшқыштың тағдыры белгісіз екенін хабарлады. Бұл 28 ақпаннан бері жалғасып келе жатқан соғыс кезінде Иранның АҚШ-тың F-35 ұшағын атып түсірдік деп мәлімдеген екінші оқиғасы болды. АҚШ бұл мәлімдемелерге әзірге жауап берген жоқ.
Иран 19 наурызда да АҚШ-тың F-35 ұшағын атып түсіргенін жариялаған болатын, бірақ бұл мәлімдемені Вашингтон жоққа шығарды. Сонымен қатар Тегеран бейсенбі күні Израильге тиесілі F-16 ұшағын да атып түсіргенін алға тартты.
АҚШ пен Израильдің 28 ақпанда Иранға қарсы бастаған және діни лидер Әли Хаменеиді қосқанда 1340-тан астам адам қаза тапқан әуе шабуылынан бері аймақ жоғары дайындық режімінде тұр.
Иран болса Израильге, сондай-ақ Иордания, Ирак және АҚШ-тың әскери нысандары орналасқан Шығанақ елдеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары және зымырандармен қарымта соққы берді. Бұл шабуылдар адам шығыны мен инфрақұрылымдық зақымдарға әкеп соқты, сонымен бірге жаһандық нарықтар мен авиация саласының жұмысына кедергі келтірді.