Израиль шабуылдары күшеюде
10 қазанда қол жеткізілген атысты тоқтату келісімінен кейін қаза тапқандар саны артуда. Газаның оңтүстігіндегі көптеген аймаққа ауыр артиллериялық шабуыл және тікұшақпен соққы жасалды.
Жергілікті куәгерлердің айтуынша, дүйсенбі күні Израиль әскері тағы да Газаның оңтүстігіндегі әскери бақылаудағы «сары сызық» ішіндегі бірнеше нысанды атқылады. Аймақ тұрғындары Анадолы агенттігіне Израиль артиллериясы Рафахтың шығыс бөліктерін қатты атқылағанын, соққы жасалған жерлерден қою түтін көтерілгенін хабарлаған. Сондай-ақ Израиль тікұшақтары Хан Юнус қаласының шығысына оқ жаудырғаны айтылды.
Шабуылдарға байланысты әзірге қаза тапқандар немесе жараланғандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Газа медиа кеңсесінің мәліметінше, Израиль армиясы атысты тоқтату режимін 590 рет бұзған. Кемінде 357 палестиналықты өлтіріп, 903 адамды жаралаған.
Түркия, Мысыр және Катардың араағайындығы және АҚШ-тың қолдауымен жасалған атысты тоқтату келісімі 10 қазанда күшіне енген еді. Мақсат ˗ екі жылға созылған Израиль шабуылдарын тоқтату.
Бұл шабуылдарда 70 мыңнан астам адам қаза тауып, 170 мыңнан астамы жараланған. Олардың көпшілігі ˗ әйелдер мен балалар.
Атысты тоқтату келісімінің бірінші кезеңі израильдік тұтқындар мен палестиналық тұтқындарды айырбастауды көздейді.
Жоспар сондай-ақ Газаны қайта қалпына келтіруді және Хамассыз жаңа басқару жүйесін құруды көздейді.
Батыс Шерияда ондаған адам қамауға алынды
Израиль сондай-ақ оккупацияланған Батыс Шерияда палестиналықтарға қарсы тоқтаусыз рейд пен шабуыл жасауда. Палестинаның «WAFA» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Рамалланың солтүстік-батысындағы әл-Луббан әл-Ғарби және Рантис ауылдарына таңертең жасалған рейд кезінде кемінде 11 палестиналық қамауға алынды. Олардың көпшілігі ˗ бұрынғы тұтқындар.
Бұл уақытта Бейтуллаһим уәлаятына қарасты Бейт Фажар және әл-Убейдие елді мекендерінде 44 палестиналық ұсталды. Бұл аймақтағы шиеленіс пен үрейді одан әрі күшейтіп отыр.
Израиль күштері тарапынан маңызды инфрақұрылымдар жүйелі түрде қиратылып жатқандықтан халық шабуыл салдарынан қатты күйреуде.