Әзербайжан Ұлыбританиямен қорғаныс байланысында жаңа парақ ашты
Президент Әлиев Лондонмен серіктестік сенімге негізделгенін айтты, ал Ұлыбритания министрі стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуде Ұлыбританияның қорғаныс мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Лорд Вернон Коакерді қабылдады. “Сол кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды талқылады”, деп хабарлады президенттік әкімшілік.
Президенттік баспасөз қызметі Коакердің «стратегиялық серіктестік саласындағы екіжақты байланыстарды дамытуға қызығушылық танытқанын» атап өтіп, екі ел арасындағы қатынастар достық пен сенімге негізделгенін хабарлады.
Әлиев Әзербайжан мен Ұлыбритания арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті меңзеп, ынтымақтастықтың бастапқыда энергетика саласында басталғанын, кейіннен бірнеше бағытқа кеңейгенін еске салды.
Ол сауда, инвестиция және басқа салаларда ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге «жақсы мүмкіндік бар» деді.
Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастыққа тоқтала отырып Әлиев Баку мен Лондон арасындағы «жаңа парақ» ашылуын өзара сенімнің белгісі ретінде сипаттады.
Коакер тамыз айында Вашингтонда Әзербайжан мен Армения қарым-қатынастарын қалыпқа келтіру және бейбітшілік күн тәртібін ілгерілету бағытында қол жеткізілген прогреске байланысты Әлиевті құттықтады.
Әлиев оқиғаларды «тарихи» деп атады және прогреске ықпал етуде АҚШ президенті Дональд Трамптың «ерекше рөлін» атап өтті.