47-ші Стамбул марафонына 126 елден 41 мыңнан астам спортшы қатысты
Қаланың символдық спорттық шарасына айналған Стамбул марафонына 41 416 спортшы қатысты. Кениялық және эфиопиялық спортшылар басымдық танытқан бұл марафонда түрлі санат бойынша миллиондаған лира көлемінде жүлделер табысталды.
126 елден келген 41 мыңнан астам спортшы жексенбі күні Түркия «İş Bankası» демеушілігімен өткен 47-ші Стамбул марафонына қатысты. Бұл марафон - қатысушылар Азиядан Еуропаға өтетін, әлемдегі жалғыз құрлықаралық марафон.
«Spor İstanbul» ұйымдастырған бұл жарыс Дүниежүзілік жеңіл атлетика федерациясының беделді «Алтын белгі» санатындағы марафондарының қатарына кіреді. 42 шақырымдық қашықтықта 5 976 адам, 15,5 шақырымдық қашықтықта 12 440 адам, корпоративтік жүгіруде 18 000 адам және халықтық жүгіруде 5 000 адам бақ сынады.
Жарыс бағыты қаланың Азия бөлігінде, 15 шілде шейіттері көпірінен 250 метр қашықтықта басталып, Еуропа жағалауындағы Сұлтанахмет алаңында мәреге жетті.
Ерлер арасындағы жарыс
Кениялық Рхонзас Локитам Килимо 42,195 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 10 минут 12 секундта жүгіріп өтіп, ерлер арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. Өткен жылдың чемпионы кениялық Дежене Дебела 2 сағат 10 минут 23 секунд нәтижемен екінші орынды иеленсе, эфиопиялық Суфаро Волийи 2 сағат 10 минут 26 секунд көрсеткішпен үшінші орын алды.
Әйелдер арасындағы жарыс
Эфиопиялық Бизуагер Адерра әйелдер арасындағы жарысты 2 сағат 26 минут 19 секундта аяқтап, жеңімпаз атанды. Оның отандасы София Ассефа 2 сағат 26 минут 21 секунд нәтижемен екінші орынға ие болды. Ал кениялық Джоан Джепкосгей 2 сағат 26 минут 36 секунд көрсеткішпен үшінші орын алды.
Биылғы марафон кәсіби және әуесқой мыңдаған спортшыны біріктіріп, қатысушыларға қаланың көрікті орны Босфор бұғазы арқылы екі құрлық арасын кесіп өту мүмкіндігін берді.
Жеңімпаздарға төмендегідей сыйақылар табысталды: Бірінші орынға 50 000 АҚШ доллары, екінші орынға 20 000 доллар, үшінші орынға 10 000 доллар. Сыйақылар сегізінші орынға дейін жалғасты, сегізінші спортшы 1 000 доллар иеленді.
Ең үздік түрік спортшыларына бөлек марапаттар берілді. Ерлер мен әйелдер санаттарында алғашқы бес орынға енген спортшылар жалпы 400 000 түрік лирасы (шамамен 9 515 доллар) көлеміндегі сыйақыны бөлісті: 1-орын 60 000 лира (1 428 доллар), 2-орын 50 000 лира (1 190 доллар), 3-орын 40 000 лира (952 доллар), 4-орын 30 000 лира (714 доллар), 5-орын 20 000 лира (476 доллар).
Мүгедектер арбасындағы спортшыларға да жүлделер берілді: 1-орын 30 000 лира, 2-орын 25 000 лира, 3-орын 20 000 лира, 4-орын 15 000 лира.
Сонымен қатар 35–39 жас санатынан бастап 85 жастан жоғарыға дейінгі топтар арасында да қосымша марапаттар берілді.
Барлық санаттар бойынша марафон аясында жалпы 9,5 миллион түрік лирасы (шамамен 226 000 АҚШ доллары) көлемінде сыйақы үлестірілді.