Анадолының жасырын қазыналары: 2025 жылғы археологиялық жаңалықтар

10 мың 500 жылдық адам жүздері, жымиған Медуза және су түбіндегі көне қазыналар... 2025 жылы Түркияда жер астынан шыққан құпиялар тарих кітаптарын қайта жазып жатыр.

By
Анадолының жасырын қазыналары: 2025 жылғы археологиялық жаңалықтар / TRT

Бүгін біз сізді Анадолының тереңінде жатқан құпияларға толы саяхатқа алып шығамыз. 2025 жылы Түркияда жасалған таңғаларлық археологиялық жаңалықтарды бірге тамашалаймыз.

Тарих бойы сансыз өркениетке құшағын ашқан Анадолы өткеннің ізін сақтаған жәдігерлерге толы. Бүгінге дейін көптеген маңызды қалдық жер бетіне шығарылғанымен, топырақтың тереңінде әлі де ашылуын күтіп жатқан талай мәдени мұра бар.

Мәдениет және туризм министрлігінің үйлестіруімен жүргізіліп жатқан археологиялық қазбалар Анадолының мыңдаған жылдық тарихын жарыққа шығаратын жаңа олжалардың табылуына жол ашып отыр. Түркияның төрт бұрышында, құрлықта да, су астында да жұмыс істейтін маман топтар инемен құдық қазғандай еңбек етуде. Олар сабырмен өткеннің іздерін біртіндеп қалпына келтіруге тырысып жатыр.

2025 жылы да Түркиядағы археологиялық жұмыстар «Болашаққа мұра» жобасы аясында үздіксіз жалғасты. Әртүрлі қалада жүргізілген қазба барысында сансыз жәдігер жер бетіне шығарылды.

Ендеше, осы жылдың ең назар аударарлық археологиялық жаңалықтарына бірге көз жүгіртейік...

Алғашқы аялдамамыз — Бартынның Амасра ауданы. Амастрис көне қаласында үш жыл бұрын басталған құтқару қазбалары бұл өңірде антикалық дәуірде үлкен құрылыстардың болғанын көрсетті.

Бартын университеті жүргізген зерттеулер барысында табиғи апаттардан қирағаны анықталған, Рим дәуіріне тиесілі биіктігі 9 метрге дейін жететін мәрмәр бағандарымен ерекшеленетін стоа құрылысы табылды.

Мәдениет және туризм министрлігінің «Болашаққа мұра» жобасы аясында анастилоз әдісімен құрылымның түпнұсқа бөлшектері біріктіріліп, үш бағана қайта тұрғызылды. Қалған төрт бағана, блоктар және төбе кассеталары да аршып шығарылды.

Ал енді ең қызықты тұсы: төбе кассеталарынан грек мифологиясындағы «жылан шашты құбыжық» Медузаның сирек кездесетін әрі жымиып тұрған бейнесі табылды. Иә, қателеспедіңіз! Жымиған Медуза! Бұл шынында да өте үлкен жаңалық.

Енді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Эфеске барамыз. Мұндағы қазба және қалпына келтіру жұмыстары «Болашаққа мұра — мәңгілік Эфес» жобасы аясында жыл бойы тоқтаусыз жалғасты.

Ұзындығы шамамен 570 метр болатын Айлақ көшесі мен оның үстіндегі Айлақ моншасында жүргізілген жұмыстар сопақша зал, аула, дәретхана және бассейн бөліктеріне шоғырланған.

Қазба тобы осы аумақтардағы жұмыстар кезінде өте ерекше олжаға тап болды: Мысыр құдайы Серапис бейнеленген, күйдірілген саздан жасалған хош иіс ыдысы табылды. Жәдігердің үстіңгі жағында арнайы бөлігі бар, ал алдыңғы бетінде Серапис бедері айқын көрінеді. Ыдыстың артқы бетіндегі жазу бұл олжаның маңызын арттыра түсуде.

Ал енді шынымен де таңғаларлық жаңалыққа келдік. Шанлыурфада «Тас төбелер жобасы» аясында жүргізілген қазбалар барысында тарихтың тереңіне бойлайтын бірегей олжа табылды.

Биылғы жұмыстар кезінде төрт блоктан тұратын әктасты платформаның алдыңғы бетінде жоғары және төмен бедерлеу техникасымен өңделген, бет әлпеті өте анық екі адам жүзі табылды.

Бұл туындылар шамамен 10 мың 500 жыл бұрынғы кезеңде жасалған. 10500 жыл... Адамзат тарихының қаншалықты тереңіне үңілгенімізге қараңызшы.

Бұл мүсіндер неолит дәуіріндегі көркемдік алуандық пен өңірлік стиль айырмашылықтарын көрсетуі тұрғысынан аса маңызды. Бедерлер орналасқан платформа арнайы осы орын үшін салынған, ал оның маңынан негізгі жартасқа ойылған шұңқырлар мен белгілі бір құрылымдық жүйе анықталды.

Ал енді Шығыс Анадолыға, Гүмүшханенің Келкіт ауданына келдік. Рим дәуірінде әскери штаб ретінде пайдаланылған Сатала көне қаласындағы қазбалар кезінде өте маңызды олжа табылды.

Некрополь аумағындағы жұмыс барысында Мысыр құдайы Исидаға тиесілі, биіктігі 20 сантиметрлік қола бюст тұғырынан ажыраған күйде табылды. Мүсін үш аяқтың үстіне орнатылған, үш жапырақты каликстен көтерілген құдайша тұғырымен бірге жер бетіне шығарылды.

Бюсттің бас жағында сол бөлігі сақталған күйде береке мен молшылықты білдіретін екі масақ бейнеленген. Құдайша алдыңғы жағында түйінделіп байланған шашақты орамал жамылған күйде сипатталған. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқан бұл мүсін кейін Гүмүшхане қалалық музейінде қойылады.

Енді құрлықтағы қазбаларды артқа қалдырып, су түбіне үңілейік. Анталияның Кумлуджа ауданындағы Адрасан жағалауында жүргізілген суасты археологиялық зерттеулер барысында Кейінгі эллинизмге (Ерте рим дәуіріне) жататын керамика тиеген кеме қалдығы табылды.

33 пен 46 метр тереңдіктен анықталған бұл кеменің жүздеген керамика бұйымын тасымалдағаны белгілі болды. Шамамен 2 мың жыл бұрын жүк кемесімен тасылған бұл керамикалар тасымалдау кезінде шикі сазбен сыланып қорғалған және бірінің ішіне бірі орналастырылған.

Сирек кездесетін бұл кеме қалдығы Кейінгі эллинизм мен Ерте рим дәуірлеріне қатысты маңызды деректер береді. Ол сол кезеңнің сауда жолдары, күнделікті тұрмыс-тіршілігі және өнер түсінігі туралы жаңа мәліметтер ұсынбақ.

Аспендос көне қаласында 2025 жылғы қазбалар барысында Рим империясы дәуіріне жататын маңызды мүсіндік олжалар табылды.

Театр көшесінің шығысындағы монументалды субұрқақ қалдықтарының арасынан табылған мәрмәр Гермес мүсіні бөлшектеп шығарылғаннан кейін қазба үйінің қоймасында қайта құрастырылды.

Оң қолында әмиян, сол қолында шапан және керикейон, яғни аса ұстаған Гермеспен қатар басын оған бұрған қошқар мүсіні де бейнеленген. Тұғырымен бірге 165 сантиметр биіктікке жететін мүсін біздің заманымыздың II ғасыр соңы мен III ғасыр басына жатқызылады.

Сол аумақта махаббат Құдайлары Афродита мен Эросқа тиесілі деп бағаланған бастар да жер бетіне шығарылды.

Тағы да Анталияда, Перге көне қаласында жүргізілген қазбалар барысында әр дәуірге жататын бес мүсін табылды.

Табылған олжалардың ішінде биіктігі шамамен 2 метр болатын, дельфин үстінде отырған Эрос бейнесімен тұтас композиция құрайтын Афродита мүсіні ерекше көзге түседі.

Афродита мүсінінің жанынан Север әулеті дәуіріне жататын деп есептелген, бойы 187 сантиметрлік киімді әйел мүсіні және соған ұқсас сипаттағы екі бөлік түрінде тағы бір әйел мүсіні табылды.

Қаланың шығыс көшесіндегі қазбалар барысында қатар тұрған әйел мен ер адамның мүсініне де қол жеткізілді. Бұл жаңалықтар Пергенің мүсін өнері дәстүрі мен сол дәуірдің әлеуметтік құрылымы туралы маңызды мәлімет береді.

Енді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар уақытша тізіміне енген және «Гладиаторлар қаласы» деген атпен танымал Стратоникеяға келдік. Мугланың Ятаган ауданындағы бұл көне қалада эллинизм, Рим және Византия дәуірлеріне жататын маңызды жәдігерлер жер бетіне шығарылып жатыр.

Жалғасып жатқан қазбаларда 2 мың жыл бұрынғы гирляндалармен,  яғни гүл шоқтарымен безендірілген саркофаг табылды. Саркофагтың бұрыштарында қошқар бастары, орта тұсында Эрос бейнелері мен бұқа бастары орналасқан. Жанды әрі егжей-тегжейлі өрнектелген гирляндаларда зәйтүн, жүзім, анар және көкнәр секілді өрнектер көзге түседі.

Измирдегі Пергамон көне қаласында Рим дәуіріне жататын «Мозаикалы үй» табылды. Мозаикалы еденімен ерекшеленетін бұл құрылыс кешені біздің заманымыздың II немесе III ғасырында салынған деп есептеледі.

Мозаикалы үй ортасындағы тас ауласы мен бассейні арқылы назар аударады. Мұнда өте қызық бір бөлшек бар: бассейн ішінде «әлемдегі ең тәтті бала» деген жазуы бар, қасында итімен қоян аулауға шыққан бала бейнеленген құлпытас орналасқан.

Құрылыстың христиандық дәуірде де қолданылғаны, ал VII ғасырдағы араб шапқыншылықтары кезінде үлкен өрттен кейін тастап кеткені болжанады. Қазбалар барысында бұдан бөлек эллинизм дәуіріне тиесілі патшалық мөрі бар қыш шатыр бөлігі, сондай-ақ Рим және Византия кезеңдеріне жататын асүй бұйымдары, әшекейлер мен тиындар да табылды.

Соңғы аялдамамыз — Бурсаның Изник ауданы. Мұнда 11 жыл бұрын кәріз жұмыстары кезінде байқалған еден мозаикасының бір бөлігі биыл басталған археологиялық қазбалар барысында шығарылды.

Көлемі шамамен 50 шаршы метр және III ғасырға жататын бұл мозаика Рим дәуірінде қоғамдық ғимаратқа немесе салтанатты құрылысқа тиесілі залдың еден жабыны болуы мүмкін деп бағалануда.

Мозаикада құшағында жеміс толы себет ұстаған әйел бейнесі, шашында шаян қысқышына ұқсас шаш қыстырғыштары бар әрі Изник көлін бейнелейді деп есептелетін әйел жүзі, сондай-ақ әртүрлі бейнелермен қатар геометриялық және үш өлшемді ою бар.

2025 жылы Түркияның әртүрлі аймағында жер бетіне шығарылған бұл жәдігерлер Анадолы топырағының мыңдаған жылдық мәдени байлығын тағы бір рет айқын көрсетіп отыр.

Бұл жәдігерлердің әр бірі өткенмен орнатылған байланысты нығайтып қана қоймай, келер ұрпаққа табысталатын мұраның құнын да арттыра түседі.

Жер астында әлі де қалып отырған талай қазына Анадолының тарих сахнасындағы бірегей орнын дәлелдеуді жалғастыра бермек.