Президент Ердоған «TRT Genç» арнасының ашылу рәсіміне қатысты
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «TRT Genç» арнасы жастардың зияткерлік, эмоциялық және мәдени дамуын қолдау мақсатында кең ауқымда бағдарламалар ұсынатынын айтты.
Президент Ердоған жас көрермендерге арналған «TRT Genç» арнасының ашылу салтанатына қатысты.
Бейсенбі күні Бештепедегі «Ұлт» мәдениет орталығында жастарға, БАҚ өкілдеріне және қонақтарға үндеу жасаған президент жастарды Бештепеде қабылдағанына қуанышты екенін айтып, оларды Түркияның болашағы деп атады.
TRT ұжымын құттықтаған мемлекет басшысы жаңа арна жастарға, отбасыларға, медиа саласына және бүкіл халыққа пайда әкеледі деп сенім білдірді.
Ердоғанның айтуынша, «TRT Genç» ғылым мен технологиядан бастап, мәдениет-өнер мен спортқа, тарихтан күнделікті өмірге дейінгі кең ауқымда хабар таратып, жастардың зияткерлік, эмоциялық және мәдени дамуына қолдау көрсетеді. Ол сондай-ақ мұндай платформалардың заман дерті саналатын тәуелділікпен күресте маңызды екенін атап өтіп, экранға тәуелділік, виртуалды бәс тігу, құмар ойын және есірткі секілді тәуелділік түрлерінің айтарлықтай артқанын айтты.
Ақиқат үшін күрес жалғасады
Президент отбасы институты қазіргі мәдениет соғысы майдандарының біріне айналғанын ескертіп, отбасы құндылықтарына қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Ол көңіл көтеру үшін басталған цифрлық ойындардың жастарды виртуалды бәс тігу мен құмар ойынға итермелейтін қақпанға айналғанын айтты.
Ердоған әлеуметтік видеолардан тыс, анағұрлым табанды ұстаным қажет екенін айтып, Түркия тәуелділік мәселесін тереңірек зерттеп, оған қарсы берік, әрі батыл қадам басуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге ақиқат үшін күрес Анадолы агенттігі мен Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы секілді мекемелер арқылы барлық бағытта жалғаса беретінін мәлімдеді.
Жас көрерменді қызықтыра отырып оқыту
Іс-шарада сөз сөйлеген TRT Бас директоры Мехмет Захид Собаджы «TRT Genç» арқылы балалар контенті мен ересектерге арналған бағдарламалардың арасында қалып қойған, өзіне арналған сапалы экранды таба алмай жүрген жастарға мемлекет кепілдігіне, ұлттың құндылықтарына және өркениеттің мұратына негізделген арна ұсынғандарын айтты.
Собаджы «TRT Genç» арнасының ата-аналарға да бағытталатынын, отбасының бірге көріп, бірге үйреніп, өзара байланысын нығайта алатын қауіпсіз орта қалыптастыратынын жеткізді.
«Арнамыздың басты ерекшелігі – білімі және ерен еңбегімен ерекшеленетін тұлғалар арқылы ұл-қыздарымызды қызықтыра отырып оқыту. Жас кәсіпкерлердің идеяларын, жас өнертапқыштардың жобаларын, ғарышкерлеріміз және ғалымдарымызбен кездесулерді экранға шығарып, жастарымызға үлгі болатын тұлғаларды ұсынып, «мен де істей аламын» деген сенімді ұялатамыз», – деді Собаджы.