Трамп пен Си Цзиньпин кездесті
АҚШ пен Қытай көшбасшылары Оңтүстік Кореяда кездесу өткізді. Тараптар сауда, Газа мәселесі және аймақтық тұрақтылық сияқты жаһандық тақырыптарда ынтымақтастықты дамыту бағытында ілгерілеушілік болғанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяның портты қаласы Пусанда кездесіп, сауда шиеленістерін азайту және екіжақты қатынастарды нығайту мақсатында келіссөз өткізді.
Бейсенбі күні өткен кездесудің басында Трамп жақын арада сауда келісіміне қол қойылуы мүмкін екенін айтып, «Бүгін сауда келісіміне қол қоюмыз мүмкін»,- деді журналистерге.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин: «Қытайдың дамуы – Американы қайта ұлы ету көзқарасымен қатар жүруде», - деп, екі елдің достық қатынаста болуы керектігін айтты. «Бұл – тарих үйреткен әрі шынайылық талап еткен нәрсе», – деді ол.
Си екі тарап арасындағы сауда келіссөздерінде қол жеткізілген «негізгі ынтымақтастықты және жігер беретін ілгерілеуді жоғары бағалап, бұл олардың кездесуіне қажетті жағдай туғызғанын айтты.
«Құрметті президент, мен АҚШ пен Қытай арасындағы қатынастардың берік негізін қалау үшін сізбен жұмыс істеуге дайынмын»,- деді Си.
Си сондай-ақ Трамптың аймақтық дағдарыстарды шешуге деген ынтасын мақтап, АҚШ президентінің Газа бойынша атысты тоқтату келісімін аяқтауға және Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекара дауына қатысты бейбіт келісімге қосқан үлесін атап өтті.
«Қазір әлем көптеген күрделі мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Қытай мен АҚШ ірі мемлекеттер ретінде бірге жауапкершілік алып, еліміз бен бүкіл әлем үшін үлкен әрі нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді Си.
Трамп болса Сиді «қатаң ұстанымды келіссөз жүргізуші, әрі ұлы елдің ұлы басшысы» деп сипаттап, «Біз ұзақ уақыт бойы тамаша қарым-қатынаста боламыз деп ойлаймын, сізді арамызда көру – мен үшін үлкен құрмет», – деді және кездесуді «өте жемісті әрі оң сипатта өтті» деп бағалады.
Си әлемнің ең ірі екі экономикасы арасында кейде келіспеушіліктердің болуы - қалыпты жағдай екенін айтып, екі тараптың да достық пен ынтымақтастықты сақтауы керек екенін ерекше атап өтті.