Украина мен Ресей Cтамбулда келіссөз жүргізіп жатыр

Тараптар соңғы рет 23 шілдеде Стамбулда өткен келіссөздер барысында соғыс тұтқындары мен бейбіт тұтқындарды алмастыру жөнінде келісімге келген болатын.

By
Украина мен Ресей Cтамбулда келіссөз жүргізіп жатыр

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастаған Украина делегациясы Ресеймен тікелей келіссөз жүргізу үшін Стамбулға келді. Кездесу сейсенбі күні өтті.

Умеров «Telegram»-дағы жазбасында сапардың басты мақсаты Ресеймен соғыс тұтқындарын алмастыру үрдісін қайта бастау екенін айтты.

«Алдағы күндері Түркия мен Таяу Шығыста тұтқын алмасу үрдісін бастау үшін жұмыс істеймін. Бұған дейін келісім болған, енді оны жүзеге асыруымыз керек»,- деді ол.

Оның айтуынша, Түркиядағы кездесу тұтқын алмасуды қайта жандандыруды талқылауға арналған. Келіссөздерге кімдердің қатысқаны жайлы нақты мәлімет берілмеді.

Ресей мен Украина соңғы рет 23 шілдеде Стамбулда өткен тікелей келіссөз кезінде соғыс тұтқындары мен бейбіт тұтқындарды алмастыру туралы келісімге келген болатын.

Мәскеу Киевке саяси, гуманитарлық және әскери мәселелер бойынша онлайн режимде жұмыс істейтін үш бірлескен топ құруды ұсынған. Кейін Кремль бұл ұсынысқа Украина тарапынан жауап болмағанын мәлімдеді.

Түркиямен қатар Біріккен Араб Әмірліктері сондай-ақ белгілі бір деңгейде Сауд Арабиясы мен Катар да Ресей мен Украинаның арасындағы тұтқын алмасу үдерістеріне араағайындық еткен болатын.