Таяу Шығыс дағдарысы энергетика нарығын шайқады

Халықаралық энергетика агенттігі, Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банк соғыстан туындаған экономикалық және энергетикалық ауыртпалыққа қарсы күресу үшін ортақ топ құрып жатыр.

By
ХЭА),ХВҚ және Дүниежүзілік банктің басшылары Таяу Шығыстағы соғыстың экономикаға әсеріне қарсы үйлестіру тобы құрылатынын мәлімдеді. / AP

Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА), Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) және Дүниежүзілік банктің басшылары Таяу Шығыстағы соғыстың экономика мен энергетикаға елеулі әсеріне қарсы әрекетін барынша күшейту үшін үйлестіру тобы құрылатынын мәлімдеді.

Үш жаһандық ұйым сәрсенбі күні жасаған бірлескен мәлімдемеде соғыстың өңірде үлкен қиындыққа себеп болғанын және жаһандық энергетика нарығы тарихындағы ең алып жеткізілім тапшылықтарының бірін туғызғанын айтты.

ХЭА, ХВҚ және Дүниежүзілік банк басшылары: «Осындай жоғары белгісіздік кезеңінде біздің институттарымыздың жағдайдың дамуын қадағалау, талдауларды үйлестіру және осы дағдарысты басқару үшін саясаткерлерге қолдау көрсету мақсатында күш біріктіруі аса маңызды», - деді.

Халықаралық ұйымдар жаңа үйлестіру тобы аталған салдардың әр елде сезіліп отырған ауырлығын бағалайтынын, әрекет ету тетігін үйлестірілген түрде қалыптастыратынын және қолдауға мұқтаж елдерге көмек көрсету үшін мүдделі тараптарды жұмылдыратынын айтты.

Жоспарланып отырған әрекет ету тетігі нысаналы саясаттық ұсынымдарды, ықтимал қаржыландыру қажеттіліктерін бағалауды, төмен немесе нөлдік пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруды қоса алғанда тиісті қаржылық қолдауды көрсетуді, сондай-ақ нақты аталмаған тәуекелді азайту құралдарын қамтуы мүмкін.

Екінші айына аяқ басқан қақтығыстар жаһандық экономиканың шайқалу қаупін күшейтіп отыр.