Президент Босния және Герцеговина Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Бечировичті қабылдады
Түркия Республикасының президенті Ердоған Босния және Герцеговина Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Денис Бечировичті Стамбулда қабылдап, Түркияның Боснияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына деген табанды қолдауын қайталады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияға ресми сапармен келген Босния және Герцеговина Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Денис Бечировичті ресми салтанатпен қарсы алды.
Қарсы алу рәсімі Стамбулдағы Долмабахче Президенттік кеңсесінде өтті. Салтанатты шарадан кейін екіжақты кездесу ұйымдастырылды.
Түркия Президенті әкімшілігінің Коммуникация басқармасы «NSosyal» түрік әлеуметтік платформасы арқылы жасаған мәлімдемесінде тараптардың аймақтық мәселелер мен Түркия мен Босния және Герцеговина арасындағы қарым-қатынастарды талқылағаны айтылды.
Ердоған кездесуде Түркияның Босния және Герцеговинаның егемендігіне, аумақтық тұтастығына және конституциялық құрылымына сөзсіз қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді. Аймақтың бұдан былайғы «авантюризмге» төзбейтінін баса айтқан Ердоған Босния және Герцеговинаның бірлігін нысанаға алған арандатушылық мәлімдемелердің ешкімге пайда әкелмейтінін білдірді.
Босния және Герцеговинаның тұтастығын қолдайтындардың бірлікте әрекет етуі әдеттегіден де маңызды екенін атап өткен Ердоған Түркияның босниялықтардың өмірлік мүдделерін бұзатын кез келген озбырлықты қабыл алмайтынын да қоса кетті.
Босния және Герцеговина Мемлекеттік кеңесі бір босниялық, бір хорват және бір сербтен тұратын үш мүшеден құралады. Кеңестің босниялық мүшесі Бечирович төрағалық тізгінін осы айда қолға алды.