Ханнибал Каддафи кепілдікпен босатылды
Қорғаушысының айтуынша, Ливия төлқұжаты бар Каддафи Ливаннан кетеді.
«Ливанның бұрынғы көшбасшысы Муаммар Каддафидің ұлы Ханнибал Каддафи он жылға жуық қамауда болғаннан кейін кепілдікпен босатылды»,- деп қорғаушысы хабарлады. 900 мың доллар көлемінде кепіл төленгеннен бірнеше сағат өткен соң дүйсенбі күні қорғаушы Лоран Бэйон: «Біз шықтық, ол енді бостандықта»,- деді.
49 жастағы Ханнибал Каддафи 1978 жылы ливандық шиит діндар Мұса Садрдың Ливияда жоғалып кетуіне қатысты ақпаратты жасырды деген айыппен ұсталды, бірақ осы күнге дейін сот өтпеді. Садр жоғалған кезде Каддафи екі жаста болатын.
Бэйон дүйсенбі күні таңертең «Кепіл бүгін таңертең төленді. Ханнибал Каддафи ақыры бостандыққа шығады. Бұл ол үшін 10 жылға созылған қорқынышты түстің соңы», - деді.
Қазан айында сот Каддафиді 11 миллион доллар кепілмен босатуға шешім шығарған еді, алайда қорғаушылардың шағымынан кейін бұл сома өткен апта 900 мың долларға дейін төмендетілді.
Ливандық сот дерегіне сүйенсек, дүйсенбі күні кепіл сомасы төленген және Каддафидің заңгерлік тобы босату рәсімдерін аяқтаған.
Бэйон Каддафидің Ливия төлқұжаты бар екенін және «құпия» бір жерге кететінін мәлімдеді. «Каддафи он жыл бойы Ливанда заңсыз қамауда отырды. Мұның басты себебі сот жүйесінің тәуелсіз болмауынан. Бірақ оның босатылуы – қаңтарда құрылған реформашыл үкімет тұсында сот тәуелсіздігінің қайта орнауының белгісі», - деді адвокат.
Мұса Садр ˗ «Амал» қозғалысының негізін қалаушы және қазіргі Ливан шиит тобы Хезболланың одақтасы. Ол ресми сапар кезінде көмекшісі және бір журналистпен бірге Ливияда із-түссіз жоғалып кеткен болатын.