Президент Ердоған Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды

Режеп Тайып Ердоған Әл-Ақса мешітін нысанаға алған Израиль арандатуларын «қабылданбайтын жағдай» деп бағалап, Прабово Субиантомен екіжақты және өңірлік мәселелерді талқылады.

By
Президент Ердоған Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды / AA

Президент Режеп Тайып Ердоған Индонезия президенті Прабово Субиантомен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды дереу тоқтатуға шақырды.

Бейсенбі күні өткен телефон әңгімесінде Ердоған: «Иранға қарсы шабуылдардан басталып, Парсы шығанағы елдеріне таралған зорлық-зомбылық дереу тоқтатылуы қажет», – деді.

Ердоған Әл-Ақса мешітін нысанаға алған Израильдің арандатуларын «қабылданбайтын жағдай» деп атап өтіп, «Исламның алғашқы құбыласына кіруге кедергі келтіріп, оның болашағына қауіп төндіріп отырған Израильге қарсы мұсылмандар үнсіз қалмауы керек», – деді.

Түркия Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының мәліметінше, екі көшбасшы телефон әңгімесінде екіжақты қарым-қатынастармен қатар өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылаған.

Өңірлік шиеленістің ушығу қаупі

Иранға қарсы шабуылдар мен оған жауап ретінде жасалған соққылардың Парсы шығанағы елдеріне таралуы Таяу Шығыс бойынша шиеленістің күшеюіне әкеліп, ауқымды өңірлік қақтығыс қаупін арттырды.

Түркия дипломатияны берік қолдайтын ел ретінде тараптарды арандатулардан аулақ болуға шақырып, мұндай қақтығыстардың өңірлік тұрақтылық пен жаһандық бейбітшілік үшін қауіп төндіретінін атап өтті.

Анкара әсіресе басып алынған Шығыс Иерусалимде орналасқан діни және мәдени нысандарды қорғаудың маңыздылығына назар аударды.

Басып алынған Шығыс Иерусалимде орналасқан және ислам әлемі үшін қасиетті орындардың бірі саналатын Әл-Ақса мешітінің мәртебесі мұсылмандар үшін аса маңызды мәселе болып қала бермек.