Си Цзиньпин Бейжіңде Сергей Лавровпен кездесті
Бұл кездесу Бейжіңнің осы аптада Таяу Шығыстағы соғыстан экономикалық тұрғыда зардап шеккен көптеген елдің көшбасшыларын қабылдағаннан кейін өтті.
Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.
Лавров екіжақты қатынастарды нығайту және Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыстарды талқылау мақсатында Қытайға екі күндік сапармен келген болатын.
Бейжің осы аптада Иранға қарсы жүргізіліп жатқан соғыстан экономикалық тұрғыда зардап шеккен бірқатар елдің басшыларын қабылдады. Олардың қатарында Испания премьер-министрі Педро Санчес, Абу-Даби тақ мұрагері Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян және Вьетнам басшысы То Лам бар.
Қытайдың «CCTV» мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Лавров Бейжіңде Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен де кездескен.
Ресейдің «РИА Новости» мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, Лавров АҚШ пен оның одақтастарын меңзеп, «Олар Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясын қоршауға бағытталған шағын құрылымдар құру арқылы аймақтық ынтымақтастықты әлсіретуге тырысып жатыр», – деді.