Израиль армиясы Сирияның оңтүстігіне жаңа операция бастады

Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, әскерлер бейберекет оқ жаудырған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

By
Израиль армиясы Сирияның оңтүстігіне жаңа операция бастады / AP

Жергілікті медианың хабарлауынша, жексенбі күні Израиль армиясы Сирияның оңтүстігіндегі Кунейтра аймағына рейд жүргізді. Бұл әрекет ел егемендігін кезекті рет бұзу ретінде тіркелді.

Сирияның «SANA» ақпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, екі көліктен тұратын израильдік патруль Кунейтраның солтүстігіндегі Аднания аймағы арқылы ауылдық өңірге кіріп, Руэйхина мен Мүшейрифе ауылдарының арасында әскери бақылау бекетін құрды.

Тағы бір израильдік бөлімше оңтүстіктегі әл-Рафид қаласына кіріп, оқ жаудырған. Оқиға барысында ешкімнің зардап шекпегені хабарланды.

Сондай-ақ бес әскери көліктен тұратын тағы бір патруль Кунейтра аймағының оңтүстігіндегі Саида әл-Ханут ауылына кірген. Израиль армиясы мен Сирия билігі әзірге ресми мәлімдеме жасамады.

Соңғы апталарда Израиль күштері Сирияның оңтүстігіне, әсіресе Кунейтра уәлаятына операцияларын жүргізіп келеді. Тұтқындау, бақылау бекеттерін орнату және орман алқаптарын бүлдіру әрекеттері жергілікті халықтың Израильге деген наразылығын күшейтуде.

Сирия үкіметінің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың желтоқсанынан бері Израиль Сирия аумағына 1000-нан астам әуе соққысын жасап, оңтүстік уәлаяттарға 400-ден аса рейд ұйымдастырған.

2024 жылдың соңында Башар Асад режимі күйрегеннен кейін Израиль қарусыздандырылған буферлік аймақты бақылауға алып, Голан жоталарындағы оккупациясын кеңейтті. Бұл қадам Сириямен 1974 жылы жасалған келісімді бұзу болып саналады.