АҚШ конгресмендері Сирияға салынған санкцияларды алып тастауды талап етуде
Сенатор Жанна Шахин мен өкіл Джо Уилсон: «Бұл санкциялар Асадтың құрбаны болған елді жазалауда», - деп жазды.
АҚШ-тың екі жоғары лауазымды заң шығарушысы сейсенбі күні Конгресті жыл сайынғы қорғаныс туралы заң жобасы Сенатта дауысқа салынбас бұрын Сирияға салынған Цезарь санкцияларын алып тастауға шақырды.
Сенаттың Сыртқы істер комитетіндегі ең жоғары дәрежелі мүшесі сенатор Жанна Шахин мен республикашыл өкіл Джо Уилсонның бұл мәлімдемесі 2026 жылғы Ұлттық қорғанысқа рұқсат беру туралы заң Сенатта дауысқа түспес бұрын «Foreign Policy» журналында жарияланды. Заң жобасында Сирияның азаматтық қорғау туралы заңы аясында енгізілген санкцияларды толық алып тастауды көздейтін ереже бар.
Мәлімдемеде «Бұл санкциялар енді қалыпқа келуге тырысып жатқан, Асадтың құрбаны болған елді жазалап отыр. Егер бағытымызды өзгертпесек, Сирия халқының қиындықпен қол жеткізген ілгерілеуі зая кетуі мүмкін», - делінген.
Олар қысқа мерзімді жеңілдіктердің қайта құруға қажет инвестицияларға жеткіліксіз екенін де атап өтті.
«Санкцияларды алып тастау сириялықтарға біз жүктеген көптеген талапты орындауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, химиялық қаруларды жою, заңсыз есірткі саудасын тоқтату, ДАИШ-ты жою және Сирия халқын қорғайтын жүйені қалыптастыру қабілетін арттыру»,- деді олар.
Өкілдер палатасы өткен апта 901 миллиард долларлық Ұлттық қорғанысқа рұқсат беру туралы заң қабылдады. Құжатта Цезарь санкцияларын толық алып тастау қарастырылған және ол Сенатқа жолданды.
Егер Сенат мақұлдаса, Ұлттық қорғанысқа рұқсат беру туралы заң АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан қол қойылып, күшіне енеді.