Түркия Иран пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен алты адамды ұстады

Прокурорлардың айтуынша, бұл кісілер Инджирлик әуе базасын бақылап, жиналған барлау мәліметтерін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілдеріне беріп отырған.

By
Түркия Иран пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен алты адамды ұстады / AA

Түрік билігі бес уәлаятта жүргізілген операция барысында Иран барлау қызметіне саяси және әскери тыңшылық жасады деп айыпталған алты күдіктінің тұтқындалғанын хабарлады. Олардың біреуі — Иран, бесеуі — Түркия азаматы.

Операция Стамбул Бас прокуратурасының координациясында Стамбул полициясының терроризмге қарсы күрес бөлімі және Ұлттық барлау ұйымы тарапынан жүзеге асырылды.

Тергеушілер іс материалдарына сәйкес, күдіктілердің Иран Ислам революциясы сақшылары корпусындағы барлау қызметкерлерімен тікелей байланыста болғанын анықтады.

Ресми өкілдер бұл топтың Аданадағы стратегиялық маңызы бар Инджирлик әуе базасымен қатар түрік әскери нысандары және Түркия мен үшінші елдердегі басқа да маңызды кешендер туралы құпия ақпарат жинағанын мәлімдеді. Күдіктілерге сондай-ақ аталған іс-әрекеттерге логистикалық қолдау көрсетті деген айып тағылып отыр.

Билік өкілдері топтың үшінші елдерге қарсы қолдану үшін Түркия арқылы ұшқышсыз ұшу аппараттарының контрабандасымен айналысқанын, Инджирлик базасына қатысты барлау және бақылау жұмыстарын жүргізіп, жиналған мәліметтерді тікелей Иран барлау қызметі өкілдеріне жіберіп отырғанын айтты.

Ұстау шаралары Стамбул, Ван, Самсун, Ялова және Анкара қалаларында бір мезгілде жүргізілген рейдтер барысында іске асты.

Тиісті органдар күдіктілердің облыстық полиция департаменттеріндегі процедуралардан кейін сотқа жіберілгенін және саяси-әскери тыңшылық айыбымен сот процесі аяқталғанша қамауға алынғанын хабарлады.