Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Сирияда уақытша орган мен заң шығару мәжілісінің құрылуын елдің өтпелі кезеңіндегі шұғыл басымдықтарды шешуге бағытталған «маңызды қадам» деп бағалады.
БҰҰ баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик баспасөз мәслихаты барысында журналистерге жасаған мәлімдемесінде, БҰҰ-ның арнайы өкілінің кеңсесі кеше өткен жанама сайлауларды бақылағанын айтты.
Дюжаррик: «Ресми нәтижелердің жариялануын және мәжілісте бос қалған орындарға тағайындауларды бақылаймыз», – деді. Ол сондай-ақ: «БҰҰ арнайы өкілінің кеңсесі жалпы сайлау үдерісіне қатысқан жоқ. Бізден сайлау үшін ешқандай көмек сұралмады. Сондай-ақ уақытша орган мен уақытша заң шығару мәжілісінің құрылуы – өтпелі кезеңдегі құқықтық және институционалдық басымдықтарды шешу тұрғысынан маңызды қадам. Арнайы өкілдің кеңсесі өтпелі кезеңде Халық мәжілісінің ашық, айқын және инклюзивті түрде жүргізілуінің маңыздылығын ерекше атап өтеді», – деді.
Жексенбі күні Сирияда Халық мәжілісі үшін өткізілген жанама сайлау Асад режимі құлағаннан кейінгі алғашқы сайлау болды. Сайлау комитеттері арқылы таңдалған шамамен 6 мың сайлаушы 210 орындық мәжілістің үштен екісін анықтау үшін дауыс берді.
Жаңа өтпелі кезең аясында 140 орын жанама дауыс беру арқылы, ал қалған 70 мандат президенттің жарлығымен тағайындалмақ.










