Босниядағы қарттар үйіндегі өртте 10 адам қаза тапты
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Тузла қаласының солтүстігіндегі қарттар үйінде өрт шығып, азаматтар зардап шекті.
Боснияның солтүстік-шығысындағы Тузла қаласында орналасқан қарттар үйінде өрт шығып, 10 адам қаза тауып, шамамен 20 адам жарақат алды.
«Өкінішке қарай 10 тұрғын қаза тапты, шамамен 20 адам жарақат алды», – делінген мекеменің мәлімдемесінде. Өрт шамамен сағат 20:45-те басталған.
Босниядағы “Federalna TV” телеарнасы “Өрт бір сағат ішінде бақылауға алынды”, деп хабарлады. Ал өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ.
Тузла университетінің клиникалық орталығының өкілі Ерсия Асцерич Муджединовичтің айтуынша, бірнеше науқас көміртегі тотығымен улану диагнозымен ем қабылдауда.
«Үш науқас көміртегі тотығымен улану себебінен клиникада емделуде, екеуі жансақтау бөлімінде, ал біреуі қабылдау бөлімінде медициналық көмек алуда», – деді Асцерич Муджединович.
Өрттің себебін анықтау үшін тергеу басталды, ал төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндірушілер оқиға орнында жұмыс істеуде.