Мароккода су тасқыны салдарынан ондаған адам қаза тапты
Қатты жауын-шашыннан кейін Атлант мұхитындағы Сафи порт қаласында адам шығынына әкелген су тасқыны болды. Бірнеше жылға созылған құрғақшылықтан кейін бұл су тасқыны ондаған үйге зиян келтіріп, жолдарды жауып тастады.
Марокко билігі дүйсенбі күні жасаған мәлімдемеде елдің Атлант мұхиты жағалауындағы Сафи уәлаятында нөсерлі жауын-шашыннан туындаған су тасқыны салдарынан кемінде 37 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Мәлімдемеде 14 адамның әлі де ем қабылдап жатқаны, олардың екеуінің жансақтау бөлімінде екені айтылды.
Жексенбі күні жауған қатты жаңбырдан кейін портты қала Сафидің ескі ауданында үйлер мен дүкендерді су басты, көліктерді ағызып әкетті. Сондай-ақ Марокко астанасы Рабаттан шамамен 300 шақырым (205 миль) оңтүстікте орналасқан қала мен оның маңында көптеген жол жабылды.
Дүйсенбі күні мектептерде сабақ тоқтатылды. Тұрғындар су басқан үйлерді тазалауға кірісті.
Жергілікті БАҚ таратқан видеолардан ескі қалада су астында қалған көшелерді, суға батқан көліктер мен құтқару жұмыстары кезінде қайық пайдаланған қызметкерлерді көруге болады.
Ал «Safigoud.com» жергілікті сайт жариялаған видеода Сафи қаласындағы көне қақпа маңында лайлы тасқын суға ағып кеткен әйелдің арқанмен тартылып, қауіпсіз жерге шығарылған сәті көрсетілген.
Билік өкілдері кемінде 70 үй мен дүкенді су басқанын мәлімдеді.
Марокко соңғы жеті жылға созылған құрғақшылықтан және кейбір су қоймалары тартылғаннан кейін қазір нөсерлі жаңбыр мен қалың қарға тап болып отыр.