Трамп АҚШ-тағы баспана беру өтініштерінің тоқтатылатынын айтты
Дональд Трамп: «Бізде онсыз да жеткілікті мәселе бар. Бұл адамдарды қаламаймыз», - деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ Үйге жақын маңда Ауғанстан азаматы жасаған қарулы шабуылдан кейін баспана өтініштерін ұзақ мерзімге тоқтатуды жоспарлап отырғанын айтты.
Жексенбі күні Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясындағы Алғыс айту мерекесінен кейін Вашингтонға қайтар жолда журналистерге Трамп: «Бұл ұзақ уақытқа созылады деп ойлаймын. Бізде онсыз да мәселе жеткілікті. Бұл адамдарды қаламаймыз», - деді.
«Тоқтату бір не екі жылға созылуы мүмкін бе?»,- деген сұраққа президент Трамп: «Белгілі бір мерзім жоқ, бірақ ұзаққа созылуы мүмкін»,- деп жауап берді.
Трамп бұл саясаттың өзі «қылмыс көп жасалатын» және «дос емес» деп сипаттаған елдердің азаматтарына қатысты екенін айтты. Сондай-ақ кейбір елдердің өз ішіндегі жағдайы мүлде бақылаудан шыққанын қоса айтты. Трамп сөзінде әсіресе Сомалиды нұсқап, «Елімізге келіп, бізге мемлекетті қалай басқару керектігін үйретпек», - деді.
Сарапшылар Трамптың бұл мәлімдемеде сомалилік демократтар қатарындағы Конгресс мүшесі Илхан Омарды меңзегенін атап өтті.
26 қарашадағы шабуылда Ұлттық гвардияның екі әскери қызметкері 20 жастағы Сара Бекстром қаза тауып, 24 жастағы Эндрю Вулф ауыр жараланған.
АҚШ баспасөзі таратқан ақпаратқа қарағанда, шабуыл жасаған Ауғанстан азаматы Рахманулла Лаканвал 2021 жылы АҚШ Ауғанстаннан әскер шығарғаннан кейін елге кірген. Ол бұған дейін АҚШ-тың әртүрлі үкіметтік мекемелерінде жұмыс істеген.
Сарапшылар Лаканвалға баспана 2025 жылдың сәуірінде, яғни Трамп әкімшілігі кезінде берілгенін айтады. Алайда Трампқа жақын шенеуніктер Лаканвалдың қабылдануы Джо Байден әкімшілігі кезінде болғанын айтып, Байден әкімшілігінің тексеру саясатын сынға алды.