Таиланд пен Индонезияда су тасқыны

Оңтүстік-Шығыс Азияда қатты муссон жаңбыры мен дауыл салдарынан жойқын су тасқыны мен көшкін болды. Таиландта 33, Индонезияда кемінде 8 адам қаза тапты.

By
Таиланд пен Индонезияда су тасқыны / Reuters

Оңтүстік-Шығыс Азияда нөсер жаңбыр Таиланд пен Индонезияда жойқын су тасқындары мен көшкіндерге себеп болуда. Табиғи апат салдарынан ондаған адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Екі елдің билік өкілдері күшейген муссон жаңбыры мен тұрақсыз ауа райының қауіп төндіріп отырғаны туралы ескертті.

Сәрсенбі күні жоғары лауазымды шенеунік Таиландтың оңтүстігіндегі су тасқындары салдарынан қаза тапқандар саны 33 адамға жеткенін хабарлады. Үкіметтің ресми өкілі Сирипонг Ангкасакулкиат өлім себептеріне көшкіндер мен тоқ соғу оқиғаларының да кіретінін айтты.

Ал Индонезияда апат жөніндегі ұйымның басшысы сәрсенбі күні мәлімдеме жасады. Ол қатты жауын-шашын Суматра аралынан өткеннен кейін болған су тасқыны мен көшкін салдарынан кемінде сегіз адамның қаза тауып, ондаған адамның жараланғанын айтты.

Ұлттық апат агенттігі «BNPB»-ның мәліметінше, Солтүстік Суматрада бірнеше күннен бері қатты жаңбыр жауып, дүйсенбіден бері Тапанули Селатан ауданының кей бөліктері су астында қалды.

«Тапанули Селатанда су тасқындары мен топырақ көшкіндері салдарынан 8 адам қаза тауып, 58 адам жараланған және 2 851 тұрғын эвакуацияланды», -деді «BNPB» өкілі Абдул Мухари мәлімдемесінде.

Ол сондай-ақ жергілікті апат агенттігі ауданға баратын жолды бөгеп тұрған қирандыларды тазалау үшін ауыр техника жібергенін айтты.

Ол сондай-ақ аймақтағы тағы үш ауданның су тасқындары мен топырақ көшкіндерінен зардап шеккенін мәлімдеді.

Метеорология, климатология және геофизика агенттігінің мәліметінше, құбылмалы ауа райының себебі ˗ тропикалық циклонға айналуы мүмкін ауа райы құбылыстар.

Әдетте маусым айынан қыркүйекке дейін жалғасатын жыл сайынғы муссон маусымы жауын-шашын әкеліп, топырақ көшкіндері, кенеттен тасқындар мен су арқылы таралатын аурулардың пайда болуына себеп болуда.

Климаттың өзгеруі маусымдардың ұзақтығы және қарқындылығымен дауылдардың қалыптасу үрдістеріне әсер етіп, нәтижесінде қатты жауын, кенеттен болатын су тасқыны мен жойқын жел тудырып отыр.

Осы ай Орталық Явада қатты жауған жаңбырдан кейін болған топырақ көшкіндерінде кем дегенде 38 адам қаза тауып, шамамен 13 адам із-түзсіз жоғалған.