Жапонияда коалициялық үкімет құрылады

Екі партия жетекшісінің телефон арқылы келіссөз жүргізуінің нәтижесінде жасалған бұл келісім ел тарихындағы алғашқы әйел премьер-министрдің сайлануына жол ашты.

LDP 465 орыннан тұратын төменгі палатада 196 орынға ие, ал премьер-министр сайлануы үшін кемінде 233 дауыс қажет. / Reuters

Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясы (LDP) мен басты оппозициялық Жапония инновациялар партиясы (JIP) дүйсенбі күні коалициялық үкімет құру жөнінде келісімге келді. Бұл оқиға Либерал-демократиялық партия жетекшісі Санэ Такаичидің елдің тұңғыш әйел премьер-министрі атануына мүмкіндік берді.

Мемлекеттік телерадио хабар таратушы “NHK” келісім Такаичи мен JIP лидері Хирофуми Ёсимураның телефон арқылы өткізген келіссөзі нәтижесінде жасалғанын хабарлады.

Аталған шешім Либерал-демократиялық партия мен Коомэйто партиясының 26 жылға созылған коалициясы аяқталғаннан кейін Жапония саясатында елеулі өзгеріс туғызды.

Қатаң консерватор және бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэнің жақын серіктесі саналатын Такаичи осы айдың басында Либерал-демократиялық партия тарихындағы алғашқы әйел жетекші болып сайланып, ел тарихында жаңа кезең бастады.

Сейсенбі күні парламент мүшелері жаңа премьер-министрді сайлау үшін дауыс береді.

Либерал-демократиялық партия төменгі палатадағы 465 орынның 196-сына ие, ал премьер-министр сайлануы үшін кемінде 233 дауыс қажет.

Жапонияның Конституциялық-демократиялық партиясының 148, Жапония инновациялар партиясының 35, Халықтық-демократиялық партиясының 27 және Коомэйто партиясының 24 мандаты бар.

Жапония инновациялар партиясының 35 депутатының қолдауымен LDP–JIP блогы төменгі палатадағы 465 орынның небәрі 231-ін иеленеді, бұл көпшілік дауыс алу үшін қажетті межеден екі орынға аз.

Дегенмен Халықтық-демократиялық партияның жетекшісі Юитиро Тамаки сенбі күні жасаған мәлімдемесінде саяси ұстанымдары ұқсас бағыттарда Такаичимен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.