Түркияның НАТО-дағы рөлінің артуы Израильді неге мазасыздандырады?

Сионистік мемлекет Газадан Ливанға, Сирияға, Йеменге және соңғы кезекте Иранға дейін Таяу Шығыс бойынша шиеленісті ушықтырды. Сонымен қатар НАТО мүшесі Анкараның бейбітшілікке бағытталған талпыныстарына кедергі келтіру үшін барын салуда.

By
Түркияның НАТО-дағы рөлінің артуы Израильді неге мазасыздандырады? / AA

Соңғы үш жылда Израиль тек Газа мен басып алынған Батыс Шерияда ғана емес, сонымен бірге Ливан, Сирия, Йемен және ең соңында Иранда шабуылдар ұйымдастырып, аймақтағы тұрақсыздықты тудырушы басты актер ретінде алға шықты.

Түркия Украинадан Газаға, одан Иранға дейінгі түрлі дағдарыстарды дипломатиялық жолмен шешуге тырысса, Израиль Анкараның бұл қадамдарын түрлі тәсілдермен жоққа шығаруға күш салуда. Анкаралық сарапшы Гөкхан Бату Израильдің Түркияға деген дұшпандық ұстанымы соңғы екі жылда күшейіп, әскери мазмұндағы мәлімдемелердің жиілегенін айтады.

Түркия — Израильдің Газада бастаған және жүз мыңдаған адам қаза тапқан соғысына ең қатаң сын айтқан елдердің бірі. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху халықаралық қысымға тап болып, халықаралық сот оны тұтқындауға шешім шығарды. Сондай-ақ ол соғысты өзінің саяси ғұмырын сақтап қалу үшін пайдаланып отыр деген айыптаулар көбеюде.

Батудың пікірінше, Израильдің Түркияға қарсылығы Анкараның Таяу Шығыстағы ықпалының артуымен байланысты. «Бұл ұстанымды Түркияның аймақта Израильді теңгере алатын (баланс сақтайтын) жалғыз актер ретінде алға шығуы тұрғысынан түсінуге болады», — дейді сарапшы. Түркияның дамыған қорғаныс өнеркәсібі, озық ұшқышсыз ұшу аппараттары мен теңіз қабілеттері Нетаньяху әкімшілігін мазасыздандыруда.

Биыл жазда Анкарада маңызды НАТО саммиті өтеді. НАТО-дағы екінші үлкен армияға ие Түркия мен Біріккен Корольдік арасындағы қорғаныс келісімі де Анкараның батыс альянсы ішіндегі рөлін нығайта түсті.

НАТО неге маңызды?

Бурса Тезникалық университетінің оқытушысы Али Бурак Дарыжылының айтуынша, Израиль Түркияның НАТО-ға мүшелігіне қарсы, өйткені бұл мүшелік Анкараның Ливиядан Сомали мен Сирияға дейінгі кең географиядағы қызметіне кедергі жасауды қиындатады. Израильдің «радикалды теократиялық» билігінің агрессивті қадамдарына қарамастан, Түркия ұстамды саяси актер ретінде әрекет етіп, арандатушылықтарға теңгерімді жауап бере бермек.

Түркия Сомали мен Эфиопия арасындағы келіспеушілікте делдал болып, Сомалидің аумақтық тұтастығын қорғауға тырысса, Израиль Сомалилендті тану арқылы аймақтық тепе-теңдікті бұзуды көздейді. Түркия Шығыс Африкадағыдай Иран дағдарысында да шиеленісті азайтуға күш салуда. Сирияда Израиль түрлі топтарды қолдап, шабуылдарын жалғастырса, Түркия елдің орталық билігінің нығаюына үлес қосуда.

Бату Түркияның НАТО-ға мүшелігі Нетаньяху әкімшілігінің радикалды саясаты үшін маңызды кедергі екенін айтып, Израильдің үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, бұл мәселеде тиімді бола алмайтынын және мұның «бос әурешілік» екенін атап өтті.

Түркияның Сомалиден Косовоға дейінгі көптеген НАТО миссиясына үлес қосқаны және Косоводағы альянстың бітімгершілік миссиясына жетекшілік еткені еске салына отырып, АҚШ-тағы израильшіл лоббилер мен олардың жақтастары НАТО ішінде Түркияға қарсы теріс пікір қалыптастыру мақсатында даулы есептер жариялап жатқаны айтылды.

Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы Өзгүр Көрпе НАТО-ға мүше емес актерлердің «НАТО нормалары» арқылы сын айтуын альянс ішіндегі талқылауларға әсер ету әрекеті деп санайды. Көрпе кейбір израильшіл сараптама орталықтары НАТО-ның ұжымдық қауіп-қатер қабылдауын аймақтық деңгейде қайта анықтауға тырысып жатқанын және Түркияның ұлттық қауіпсіздік басымдықтарын саналы түрде «альянс ішіндегі үйлесімсіздік» ретінде көрсетуге тырысатынын айтты.

Түркияның рөлін күмән астына алу әскери әлеуеттен гөрі, жаһандық жүйедегі көпполярлықтың артуымен байланысты деп бағалануда. Түркияның енді Қырғи қабақ соғыс кезеңіндегідей тек альянстың оңтүстік-шығыс шекарасын қорғайтын статикалық актер емес екені баса айтылды. Көрпе Түркияны сынайтындардың НАТО мүшесі емес екенін және олардың саны шектеулі «үнемі қарсылық білдіретін» топтардан тұратынын жеткізді.

Израильдің үгіт-насихатына қарамастан, Түркияда да, Батыс жұртшылығында да Газадағы шабуылдар мен Батыс Шериядағы қоныстанушылардың зорлық-зомбылығына қарсы наразылықтың артып келе жатқаны мәлімденді. Испания, кейінірек Италия сияқты НАТО-ға мүше елдердің Израильді қатаң сынауы Батыс әлемінде Тель-Авивке деген наразылықтың күшейгенін көрсетеді.

Мамандар НАТО-ның бұрын да көптеген дағдарысты еңсергенін және қазіргі шиеленістерді де басқара алатынын айтады. Дарыжылы альянстың Израильдің агрессивті саясаты мен Иран соғысына ұтымды (рационалды) жауап беретінін білдірді. «Түркиясыз Еуропаның шынайы қауіпсіздік архитектурасын құруы мүмкін емес. Израиль НАТО-ның болашағын айқындай алмайды» деген баға берілді. Сондай-ақ Израильдің көпжақты әскери саясаты ел ішінде де шаршау тудырғаны және оның мүмкіндік шегіне жақындап қалған болуы ықтималдығы айтылуда.

Стратегиялық автономия

Түркия АҚШ пен басқа аймақтардағы израильшіл үгіт-насихатты ескере отырып, өз мүдделерін қорғау үшін стратегиялық автономия саясатын ұстануда. Түркияның НАТО-ға мүшелігі оған үлкен күш бергенімен, оның негізгі қуаты ұлттық әлеуеті мен саяси-әскери әлеуетінен туындайды. Қорғаныс өнеркәсібінен бастап Солтүстік Африка, Әзербайжан және Пәкістанға дейін созылған ықпал аймағы Түркияның өңірлік қуатын бекемдей түседі.

«Түркиясыз Еуропаның шынайы қауіпсіздік архитектурасын құруы мүмкін емес. Израиль НАТО-ның болашағын айқындай алмайды», — дейді мамандар. Түркия НАТО ішіндегі институционалдық орны мен геосаяси салмағын дипломатиялық тетік ретінде пайдалануды жалғастыра береді.