Ресей Украинамен Стамбулдағы келіссөзді қайта бастауға дайын

“Украина әлі де бұрынғы бейбіт бастамаларға жауап берген жоқ” - деді Ресейдің Түркиядағы уақытша сенімді өкілі.

By
2025 жылғы 23 шілдедегі мұрағат суретінде Түркия өкілдері Стамбулдағы Ресей–Украина бейбіт келіссөздерінің үшінші кезеңіне қатысуда.

“Ресей Украинамен Стамбулда келіссөздерді қайта бастауға дайын, алайда Киев бұрынғы ұсыныстарға әлі жауап бермеді” - деп хабарлады сәрсенбі күні Ресейдің Түркиядағы уақытша сенімді өкілі Алексей Иванов.

«Ресей тарапы бірнеше рет тікелей келіссөзге дайын екенімізді атап өтті. Түрік әріптестеріміз де Стамбул алаңының біз үшін әлі де қолжетімді екенін үнемі айтып келеді. Мүмкіндік әлі де бар.», - деді Иванов Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігіне.

Оның айтуынша, Мәскеу бұған дейін үш онлайн жұмыс тобын құру ұсынысын да қамтитын бірнеше бастама көтерген, бірақ «өкінішке қарай, Украина тарапынан әзірге оң жауап алынған жоқ».

Ивановтың айтуынша, егер Киев саяси ерік танытса, Мәскеу диалогқа дайын.

Осы арада Ресеймен тікелей келіссөздердегі Украина делегациясын басқаратын Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров сейсенбі күні Стамбулға келді.

Ол “Telegram”-дағы мәлімдемесінде сапарының тұтқын алмасу процесін қайта жандандыруға бағытталғанын айтты. «Алдағы күндері Түркияда және Таяу Шығыста тұтқын алмасу процесіне кедергі келтіріп тұрған мәселелерді шешу үшін жұмыс істеймін. Келісімді жүзеге асыруымыз керек», - деді ол.

Ресей мен Украина биыл Стамбулда үш раунд бейбіт келіссөз өткізді. Тараптар тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды алмастыру туралы уағдаласты. Сондай-ақ 2022 жылдың ақпанында басталған соғысты тоқтату жолдарын қамтитын өзара түсіністік хаттамаларын бөлісті.

Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері, сондай-ақ шектеулі түрде Сауд Арабиясы мен Катар да Ресей мен Украина арасындағы гуманитарлық мәселелер бойынша делдал болды.