«Хезболла» ұйымы Израильдің солтүстігіне зымыран шабуылын жасады
Ұйым Израильдің Ливанға жасаған шабуылдары тоқтағанға дейін қарым шабуыл жасауды жалғастыратынын мәлімдеді.
«Хезболла» Израильдің Ливанға жасаған соңғы шабуылдарына жауап ретінде Израильдің солтүстігіне зымыран атқанын хабарлады.
Ұйым бейсенбі күні таңертең жасаған мәлімдемесінде Израильдің бітім келісімін бұзуына жауап ретінде Израильдің Манара елді мекенін зымырандармен нысанаға алғанын айтты.
«Хезболла» қарымта шабуылдарының «елімізге және халқымызға қарсы АҚШ-Израиль басқыншылығы тоқтағанға дейін» жалғасатынын жариялады.
Бұған дейін “Yedioth Ahronoth” газеті тоғыз сағатқа созылған тыныштықтан кейін Ливаннан Израильдің солтүстігіне қарай атылған зымыранның Жоғарғы Галилея үстінде тойтарылғанын хабарлаған еді.
Израильдің шабуылдары жалғасуда
Бұл оқиғалар АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісім жариялағаннан бір күн өткен соң болды.
Израиль Иранмен екі апталық бітімді қолдайтынын білдірген, алайда ирандық және пәкістандық шенеуніктердің мәлімдемелеріне қарамастан бұл бітімнің Ливанды қамтымайтынын алға тартқан болатын.
Ливанның Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, Израиль әскері сәрсенбі күні Ливанның бүкіл аумағында ауқымды әуе шабуылдарын жасап, кемінде 254 адамды өлтіріп, 1 165 адамды жаралаған.
2 наурыздан бері Израильдің Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан 1 530-дан астам адамның қаза тапқаны хабарлануда.