Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 20-ға жетті
Жексенбі күні Мазари-Шарифке жақын жерде 28 километр тереңдікте жер сілкінісі болды.
Ауғанстанның солтүстігінде болған 6,3 баллдық жер сілкінісінен кемінде 20 адам қаза тауып, шамамен 320 адам жарақат алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
“Балх және Саманган уәлаяттарында шамамен 320 отандасымыз жарақат алып, 20-дан астамы қаза тапты", - деді министрлік өкілі Шарафат Заман журналистерге таратқан бейне хабарламасында.
АҚШ Геологиялық қызметі “Жер сілкінісі жексенбі күні 28 километр тереңдікте, елдің ірі қалаларының бірі Мазари-Шарифтің маңында болды”, деп хабарлады.
Германияның Геозерттеулер орталығы бұған дейін жер сілкінісінің магнитудасы 6,4 деп тіркелгенін хабарлаған болатын.
31 тамызда Ауғанстанның шығысында ел тарихындағы ең ауыр жер сілкінісі тіркелген еді. Магнитудасы 6,0 болған бұл апаттан 2 200-ден астам адам қаза тапқан болатын.
Ауғанстанда жер сілкіністері жиі болып тұрады, әсіресе Еуразия және Үнді тектоникалық плиталары түйісетін Гиндукуш тау жотасы маңында.
Британдық Геологиялық зерттеу орталығының сейсмологы Брайан Бапти “1900 жылдан бері Ауғанстанның солтүстік-шығысында магнитудасы 7-ден жоғары 12 жер сілкінісі тіркелген”, деп мәлімдеді.