АҚШ Тынық мұхитының шығысында кемеге соққы жасады
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен жасалған шабуыл террористік ұйым деп танылған топқа тиесілі есірткі контрабандасымен айналысатын қайыққа бағытталғанын айтты.
Қорғаныс министрі Пит Хегсет сәрсенбі күні Тынық мұхитының шығысында есірткі таситыны туралы күдік туғызған кемеге жасалған шабуылда төрт адамның қаза тапқанын хабарлады.
Пентагон басшысы Хегсет сәрсенбі күні «X» платформасындағы жазбасында «Бұл кеме біздің барлау деректеріміз бойынша заңсыз есірткі тасымалына қатысы бар есірткі тасымалдау дәлізімен жүрген және есірткі тасыған», - деп жазды.
Хегсеттің жазбасында кеменің жарылғанын көрсететін 22 секундтық видео да жарияланды.
Ол операцияның АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен жүзеге асырылғанын және террорлық ұйым деп танылған бір топтың иелігіндегі кемені нысанаға алғанын айтты.
Пентагон басшысы: «Кемеде төрт нарко-террорист болған және олар шабуыл кезінде қаза тапты. Бұл шабуыл халықаралық су айдынында жүргізілді. АҚШ қызметкерлеріне ешқандай зиян келмеді»,- деп қосты.
Хегсет бұл тапсырманы батыс жарты шарда әрекет ететін есірткі контрабандасы желілеріне қарсы жүргізіліп жатқан кең ауқымды науқанның бір бөлігі ретінде сипаттады.
АҚШ Қорғаныс министрі: «Батыс жарты шар енді америкалықтарды улап, жағалауымызға есірткі әкелетін нарко-террористер үшін қауіпсіз орын емес. Қорғаныс министрлігі олардың ізіне түсіп, оларды залалсыздандыруды жалғастыра береді»,- деді.
Тағы да шабуыл
Пентагон соңғы апталарда Кариб аймағында да, Тынық мұхитының шығысында да осындай операциялар жүргізіп, Оңтүстік Америкадан есірткі тасиды деп күдік тудырған кемелерді нысанаға алған. АҚШ бұл шабуылдардың мақсаты - есірткі контрабандасының бағытын және Солтүстік Америкаға есірткі жеткізумен айналысатын қылмыстық топтарды жою екенін мәлімдеді.