“АҚШ-тың Венесуэлаға операциясы халықаралық құқыққа нұқсан келтірді”
БҰҰ Вашингтонның Каракастағы әрекеттері Венесуэла дағдарысын одан әрі ушықтыру қаупін тудыратынын және күш қолданудың қауіпті прецедентін қалыптастыратынын ескертті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы АҚШ-тың Венесуэлаға жүргізген операциясына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, бұл қадамның халықаралық құқықтың іргелі қағидаларына ашықтан-ашық «нұқсан келтіргенін» ескертті.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасының ресми өкілі Равина Шамдасани сейсенбі күні Женевада журналистерге берген мәлімдемесінде «Ешбір мемлекет басқа мемлекеттің аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қатер төндірмеуі немесе күш қолданбауы тиіс», — деді.
Шамдасани бұл шабуылға негіз ретінде алға тартылған Венесуэла үкіметінің «ұзақ уақытқа созылған және сұмдық адам құқықтарын бұзу әрекеттері» туралы айыптауларды негізсіз деп тапты.
БҰҰ өкілі «Адам құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту халықаралық құқықты бұзатын біржақты әскери операция арқылы жүзеге асырылмайды», — деп қадап айтты.
Адам құқықтары жөніндегі басқарманың он жыл бойы Венесуэладағы жағдайдың «тұрақты түрде нашарлап бара жатқаны» туралы есептер ұсынып келе жатқанын атап өткен Равина Шамдасани «АҚШ операциясы тудырған қазіргі тұрақсыздық пен елдегі жағдайдың одан әрі әскериленуі мәселені тіпті ушықтырып жібере ме деп қауіптенеміз», — деді.